Атырау облысында бір ауылдың 2 жасөспірімі Жайыққа батып кетті
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысындағы Махамбет ауданында бір ауылда тұратын 2 жасөспірім Жайық өзеніне батып кетті. Олар су айдынының рұқсат етілмеген тұсына шомылған.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы растаған ақпаратқа қарағанда, қайғылы оқиға 7 шілдеде сағат 21:00 шамасында болған.
— Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында суға батқан жасөспірімдерді іздеу 7 шілдеде сағат 23:12–де басталды. Іздеу жұмысына облыстық төтенше жағдайлар департаментінен жедел-құтқару жасағы мен полиция департаментінің қызметкерлері, жергілікті тұрғындар тартылды, — деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.
Суға батқан жасөспірімдер 2011 жылы туған. Оның бірі кеше, 8 шілдеде түсқайта оқиға орнынан 35 шақырым қашықтан табылған. Ал, екіншінің сүйегі кешкі мезгілде Жайық өзенінен шығарылған.
— Атырау облысының тұрғындары мен қонақтарына судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеміз. Кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмаған жөн, — мәлім етті департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан.
Еске сала кетелік, бұрын Атырау облысында шомылу маусымы қашан ашылатыны белгісіз екенін хабарлаған болатынбыз.
Кейін Атырауда Жайық өзеніне батып бара жатқан әйел құтқарылғанын жазған едік.