Атырау облысында шетелдік жұмысшыларды тартуға 3,5 мың квота берілген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Биыл Атырау облысында шетелдік жұмысшыларды тартуға 3 мың 581 квота бөлінген. Квота саны былтырғыдан 1 564-ке азайған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Әбілқасымовтың мәліметінше, квота 4 санат пен маусымдық жұмыстар үшін беріледі.
– Шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері бойынша арнайы комиссия жұмыс істейді. Биыл облыста 4 765 квота қарастырылып, оның 3 581-іне рұқсат беріліп отыр. Оның ішінде бірінші санатқа жататын басшылық қызметкерлер үшін 40, екінші санат негізінде жоғары білікті мамандарға 586 квота бөлінді. Ал үшінші санаттағы бойынша орта білікті мамандарды тартуға 2 176, төртінші cанат аясындағы жұмысшылар үшін 140, ал маусымдық қызметкерлерге 650 квота берілді. Комиссия шешімі негізінде 81 шетелдік маманның өңірде қызмет етуіне рұқсат берілген жоқ. Аймақтағы еңбек нарығының талаптарына және жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына басымдық беріліп отыр. Биыл бірінші санатқа жататын басшылық қызметкерлер үшін 40, екінші санат негізінде жоғары білікті мамандарға 586 квота бөлінді. Ал үшінші санаттағы бойынша орта білікті мамандарды тартуға 2 176, төртінші cанат аясындағы жұмысшылар үшін 140, ал маусымдық қызметкерлерге 650 квота берілді, - деп хабарлады Еркебұлан Әбілқасымов.
Оның мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту үшін 6 720 квота қарастырылған. Ал былтыр 5 145 шетел азаматының өңірде жұмыс істеуіне рұқсат етілген.
– Соңғы жылдары өзге елдің азаматтарына берілетін квота саны азайып келеді. Биыл арнайы комиссияның шешімімен 81 шетелдік маманға квота берілген жоқ. Аймақтағы еңбек нарығының талабына сәйкес жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық беріліп отыр, - деп мәлім етті Еркебұлан Әбілқасымов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 14,5 мың адам жұмыссыздар есебінде тұрғанын жазған болатынбыз.