Атырау облысында су тасқынына дайындық қалай жүргізілді

тасқын су
Фото: Атырау облысы жедел штабы

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі күн сайын көтеріліп келеді. Алайда, көршілес Батыс Қазақстан облысындағыдай елді мекендерге қауіп төне қойған жоқ.

Төтенше жағдай не үшін жарияланды?

Жайық өзеніндегі су деңгейі әлі де көтерілуі мүмкін. Демек, қауіп толық сейілді деуге ертерек. Осыған байланысты мұнайлы өңірде су тасқынына дайындықты қалай жүргізілді? Не жоспарланды, не істелді? 

Алдымен 7 сәуірде облыс әкімі Серік Шәпкенов табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Әкім мұндай төтенше жағдай режімін жариялаудың бірнеше мақсатын айтты.

«Біріншіден, су тасқынына дайындықты тиімді ұйымдастыру қажет болды. Екіншіден, техникалар мен жабдықтар тарту керек. Үшіншіден, ғылыми зерттеулер жүргізу, өңірдегі су айдындарының, әсіресе Жайық өзенінің жағалауын нығайту қажеттігі туындады. Өйткені, Атырау облысында 1993-1994 жылдары су тасқыны болған. Содан бергі кезеңде өзендердегі су азайды. Су айдындарының түбін тереңдету жұмыстары ұзақ уақыт бойы жүргізілмеді. Жағалаудағы бөгет нығайтылмай, кейбір тұсында мүлдем алынып тасталғанын көріп отырмыз. Судан қорғау аймағынан ауыл шаруашылығының қажеттілігі үшін жер телімдері берілген», -деді Серік Шәпкенов.

Әкімнің айтуынша, Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласы су басу қаупі бар аймаққа енген. Мәселен, Индер ауданында Жарсуат, Құрылыс, Атырау қаласының маңындағы Алмалы, Береке, Бесікті және Дамбы ауылдары осындай қауіпті аймақта тұр.

Өйткені бұл елді мекендердің бәрі Жайық өзеніне таяу орналасқан. 

Ал, Қайыршақты ауылдық округінің аумағындағы «Колос», «Мұнай өңдеуші», «АтырауМұнайҚазГеология» бау-бақша қоғамдастығының тұрғындарына қауіпсіз аумаққа көшу ұсынылды.

Аталған саяжайлар Жайық өзенінің жайылмасында орналасқандықтан, топырақ эрозиясының ықтималдығы жоғарылаған. Жағаны қорғау шахталарының құрылысын жүргізу мүмкін емес. Сондай-ақ, Аспа елді мекеніндегі 86 тұрғынды көшіруге шешім қабылданды.

Жұрт Жайық жағалауына бөгет салуға жұмылды

Мұнайлы өңір тұрғындары күн сайын Жайық жағалауына бөгет салуға белсене кірісті. Өңірдегі ірі компаниялар жұмысшыларын, арнайы техникаларын бөлді. Бес жасар баладан 90-нан асқан қарияға дейін еріктілер қатарына қосылып, қапшықты құммен толтырды. Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарынан арнайы техникалар жеткізілді. Еліміздің әр өңіріндегі әскери бөлімдерден сарбаздар келді.

жайық
Фото: Атырау облысы жедел штабы

Жайық өзенінің Атырау қаласындағы жағалауы 110-нан учаскеге бөлініп, әр учаскедегі жұмысты үйлестіретін жауапты мамандар, техникамен қамтитын кәсіпорындар бекітілді. Жағалаудағы бөгет деңгейі күн сайын биіктетілді. Кейін құм толтырылған қапшықпен нығайтылды. 

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуына қарағанда, бөгет топырағын тығыздау сапасын техникалық қадағалау мамандары мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК өңірлік филиалының сарапшылары бақылауға кірісті.

Бөгет биіктігінің әр метрі арнайы құрылғымен тексеріледі. Техникалық қадағалау органдары тығыздықтың ең төменгі көрсеткішін 14 мегапаскаль деңгейінде белгіледі. Қазір бөгеттің тығыздығы — 17-20 мегапаскаль.

Қазір Индер және Махамбет аудандарында Жайық өзенінің жағалауында бөгет тұрғызу толық аяқталды. Ал, Атырау қаласында әлі жалғасып жатыр. Оған жергілікті тұрғындар, кәсіпорындардың қызметкерлері мен еріктілер жұмылып отыр. Өңірдегі ірі компаниялар арнайы техника бөлді. 

Жайық жағалауында бөгет салып жүрген еріктілердің қатарында зейнеткер Бегалы Меңдіғалиев те бар. Егде жастағы қария ерікті жастармен бірге күн сайын 6 мыңға жуық қапқа құм толтырып жүр. 

Елді мекендерді тасқын судан қорғауған 18 этно-мәдени бірлестіктің 200-ден астам мүшесі тыс қалған жоқ. Мәселен, «Тхониль Атырау» корей этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Лидің айтуынша, Алмалы ауылдық округінде жаға бекіту жұмысы екі ауысыммен атқарылған. 

«Біз бөгет салу басталғалы қауіпті учаскені бөлуді сұрадық. Өйткені, қазақ елінде тұрғаннан кейін қауіптің алдын алуға үлес қосқымыз келді. Бөгет салуға қатысудан үлкендер де, жастар да тартынған жоқ. Әсіресе, жас жігіттер мен қыздар күндіз жағаны бекітсе, кешкі мезгілде гуманитарлық көмекті қабылдауға көмектесті», -дейді Людмила Ли. 

Бөгет салуға «Теңізшевройл» ЖШС-да жұмыс істейтін шетелдіктер де қалыс қалмады.

Бұл компанияға жұмыс істеуге әлемнің әр елінен келгендер Жайық өзенінің жағалауындағы «Достық» қалашығында тұрады.

Қалашықтың 60-тан астам тұрғынын ортақ іске жұмылдырған шетелдік — «Теңізшевройл» ЖШС-да стратегиялық мәселелер жөніндегі кеңесші болып жұмыс істейтін Джон Фелл. 

Джон Фелл
Фото: видеодан скрин

«Мен Қазақстанда жұмыс істеу үшін Оңтүстік Луизианадан келдім. Онда жылына 3-4 рет су тасқыны болып тұрады. Су тасқынының зардабын бала кезімнен білемін. Сондықтан, Атырау қаласын Жайық өзенінен төнуі мүмкін қауіптен қорғауға атсалысуды көздедік», -дейді Джон Фелл. 

Атырау қаласының маңында орналасқан Еркінқала ауылындағы жағалауды бекітуге 63 сарбаз, 400-ге жуық ерікті, 16 техника тартылған. Мұнда 17 сәуірден бері

Тараздан келген Қайрат Есіркеп те жұмыс істеп жүр. Ол «AKBARS STORY Ltd» компаниясының жүк тиегіш көлігін жүргізеді. 

«Арнайы техникамен құм толтырылған қапшықтарды жағаға көтеріп беремін. Карьерден арнайы көліктерге топырақ Бұл техникамен жұмыс істегеніме 38 жыл болды. Жүк тиегіш техникасы 3 тонна жүк көтереді» -деді Қайрат Есіркеп. 

Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Тұрлан Сүлейменовтің айтуына қарағанда, кейінгі 100 жылда Атырауды тасқын су басу дерегі тіркелмеген.

нығайту
Фото: Атырау облысы жедел штабы

Мәселен, 1942, 1957 және 1993 жылы су тасқыны болған. Алайда, одан мұнайлы шаһар зардап шекпеген. 

«Кейінгі күндері Ресей Федерациясының Орынбор облысындағы Иректі су қоймасынан жіберілген су мөлшері едеуір азайғаны байқалды. Бұрынғы жылдардағы талдауға сәйкес Жайық өзеніндегі судың 20 пайызы буланып, ауаға ұшады. Демек, Атырау қаласына жеткенге дейін өзендегі су сай-салаға ағып шығады. Осындай себеппен Жайықтағы судың мөлшері азаюы мүмкін. Оның үстіне Қараөзек және Соколок каналдары тазаланды. Бұл — өзендегі судың теңізге ағып кетуі үшін жасалған оң қадам», -деді Тұрлан Сүлейменов.

Жайықтың теңізге құяр сағасы тереңдетілді 

Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, өзен сағасын тереңдету жеделдетілген тәртіппен жүргізіліп жатыр. Өйткені Жайық өзенінің сағасы өте тайыз.

«Мақсатымыз — Жайық өзенінің арнасымен келген мол судың Каспий теңізіне құйылу ағысын арттыру. Қазір өзеннің теңізге құяр сағасының тереңдігі небәрі — 40-50 см, ені — 20 метр. Тереңдету жұ­мысы аяқталғаннан кейін сағаның тереңдігі 2 метрге дейін жетеді», дейді Нұрберген Құсайынов.

Өзеннің теңізге құяр сағасын тереңдетуді «Павлодарөзен порты» АҚ қолға алған.

атырау
Фото: Атырау облысы жедел штабы

Жоба детекшісі Дидар Әліповтің дерегіне жүгінсек, кәсіпорыннан Watermaster-4 маркалы екі арнайы техника тартылған. Кейін тағы екі техника тартылып, адам саны 12-ге жетті.

«Мұндай тереңдету жұмысын маусым айына дейін жүргізуге болмайтын еді. Өйткені, осы кезеңде балық уылдырық шашады. Алайда тасқын судың қаупіне байланысты Жайық өзенінің теңізге құяр сағасын тереңдету мәселесі туындады. Сол себептен қазір бұл жұмыс жедел қолға алынды», -дейді Дидар Әліпов.

Бұл сағаның ұзындығы шамамен 56 шақырымды құрайды. Кейінгі 20 жылға жуық мерзімге Жайық өзеніндегі су азайып, аталған саға бітелуге шақ қалған.

Сағаның тайызданғаны су көліктерінің қозғалысына да, өзен суының теңізге құйылуына да кедергі келтірген.

«Біз жұмысты 11 сәуірде бастаған едік. Техникамыз сағатына 700 текше метр аумақты қазып, топырақты қысыммен алысқа лақтырады. Ьереңдету жұмысының параметрі — 1 600 метр, ұзындығы — 20 шақырым. Тапсырма белгіленген мерзімде аяқталады», -деді Дидар Әліпов.

Соколок — Жайық пен Каспийді жалғайтын канал

тасқынмен күрес
Фото: Атырау облысы жедел штабы

«ҚазСуШар» РМК мәліметіне қарағанда, Атырау облысында бастауын Жайық өзенінен алатын 15 магистральды канал бар. Ал Атырау қаласының маңындағы екі каналға ерекше назар аударылып отыр.

Соның бірі — Қараөзек каналының ұзындығы 35 шақырымнан асады. 

Атырау-Орал тасжолынан Еркінқала ауылдық округіне дейін созылатын бұл канал Жайық өзенінің бір саласы болғандықтан, су айдыны үшін ерекше маңызға ие.

Сол себептен канал жағалауындағы бөгет нығайтылып, қосымша 1,5-2 метрге дейін биіктетілді. Мұнда көпір өткелдері мен шлюздерді тазарту жұмысы жүргізілді.

Екіншісі — Соколок каналы. Облыс әкімінің тапсырмасымен Жайық өзенінің суын осы канал арқылы Каспий теңізіне бұру жоспарланып отыр.

Бұл каналдың негізгі ұзындығы — 32 шақырым. Каналдың табанын тазалау, жағалауын бекіту жұмыстарының үйлестірушісі Олжас Сұлтановтың мәліметіне сүйенсек, Соколоктың су өткізу қуаты секундына 100 текше метрді құрайды.

«Жайық өзенінің Атырау қаласына қарай ағатын мол суын азайту мақсаты көзделді. Осы мақсатта мұнайлы шаһарды айналып өтетін Соколок каналының мүмкіндігін пайдалануға болады. Өйткені аталған канал Жайық өзені мен Каспий теңізінің аралығын жалғастырып жатыр. Сол себептен, бастапқы жоспарға сәйкес қолданыстағы каналдың жағалауын бекітуді қолға алдық. Кейін жағдайды зерделеп, ескісінің тұсымен қатарластырып, жаңадан 24 шақырымдық канал қазу туралы шешім қабылданды. Себебі ескі каналдың көп жері батпақ, техниканың жұмысына қиындық келтірді», -дейді Олжас Сұлтанов.

дайындық
Фото: Атырау облысы жедел штабы

Оның айтуынша, жаңа каналдың жағалауына барлық стандартқа сәйкес нығыздалған бөгет тұрғызылды.

Бөгеттің биіктігі — Балтық межесі бойынша 21 метр. Ал, еңіс тұстардың бәріне геодезиялық өлшем жүргізіліп, арнайы белгімен реттелген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы екі ауданда Жайық жағалауына бөгет салу толық аяқталғанын жазған едік. 

Ал, бүгін Махамбет ауданында Жайық деңгейі 795 сантиметрге жетті.

Соңғы жаңалықтар