Атырау облысында тұмауға қарсы вакцинаның 65 мың дозасы сатып алынған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының тұрғындары үшін тұмауға қарсы «Гриппол плюс» вакцинасының 65 мың дозасы жеткізілді.

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл Аймұратованың мәліметінше, жыл басынан бері жіті респираторлық вирустық инфекцияның 98 736 жағдайы тіркелген.
«Ал тұмаудың зертханалық жолмен дәлелденгені – 41. Биыл 15 қыркүйектен бүгінге дейін 30 мыңға жуық тұрғын тұмауға қарсы екпе салдырды. ЖРВИ-мен ауырғандардың көпшілігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Тұмаудың бірінші белгілері ағзаға түскен вирустың көлеміне, адамның иммундық жүйесінің жағдайына, вирустың типіне байланысты болады. Ауру инкубациялық кезеңнен басталады. Вирусты жұқтырудан соң бірінші белгінің бірнеше сағаттан, немесе бірнеше күннен кейін байқалуы мүмкін. Тұмаудың алдын алудың және емдеудің бірден-бір жолы – вакцина алу. Тұмауға қарсы вакцинациялау қарашаға дейін жалғасады», - деп хабарлады Алтынгүл Аймұратова.
Оның дерегіне сүйенсек, Атырау облысында өткен жылы 66 мың 490 адам тұмауға қарсы вакцина салдырған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау дәрігерлері ауыр пневмонияға шалдыққан нәрестені аман алып қалғанын хабарлаған болатынбыз.