Атырау облысында жоғалып кеткен 5 жасар бала кәріз құдығынан табылды

Атырау облысының Исатай ауданында бес жасар бала кәріз құдығына түсіп кеткен. Оны таба алмаған ата-анасы аудандық полиция бөліміне жүгінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

бала, құтқарды,
Фото: видеодан алынған кадр

Атырау облыстық полицей департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бес жасар бала кеше, 19 қыркүйекте жоғалып кеткен.

«Аққыстау ауылының тұрғыны жергілікті уақытпен сағат 17:48 шамасында аудандық полиция бөліміне жүгініп, 20 минут бұрын 5 жасар ұлының жоғалып кеткені туралы хабар берді. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сол кезде баланың дауысы тұрғын үй ауласындағы кәріз құдығынан шыққан. Кәріз құдығына түсіп кеткен 5 жасар аман-есен шығарылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жергілікті дәрігерлер балақайға жан-жақты тексеру жүргізді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бесінші қабаттан құлаған 4 жасар бала көз жұмған еді. 

Көпқабатты тұрғын үйдің 5-қабатынан 2019 жылғы бала құлап кеткен. Балақай әртүрлі дене жарақатының салдарынан есін жимастан оқиға орнында қайтыс болды.

Белгілі болғандай, балақайдың ата-анасы Атырау қаласының Махамбет көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйде тұрады.

Сондай-ақ, жыл басынан бері 7 бала жоғарғы қабаттан құлап, екеуі мерт болғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар