Атырау облысындағы Қызылүй ауылының тұрғындары ішімдіктен бас тартты
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Қызылүй ауылының тұрғындары ішімдіктен бас тартуға шешім қабылдады. Бұл ауылда соңғы 5 жылдан бері қылмыс тіркелмеген.

Қызылүй – Исатай ауданындағы Тұщықұдық ауылдық округіне қарайтын шағын елді мекен. Алайда округке емес, аудан орталығы – Аққыстау ауылына жақын орналасқан. Бұл ауылмен арақашықтық – 28 шақырым.
Елді мекенде 2009 жылы 347 адам тұрған. Оның ішінде 183 ер, 164 әйел болған екен. Алайда 2021 жылғы санақтың қорытындысымен тұрғындар саны азайғаны байқалған. Сол жылғы санақтың қорытындысымен тұрғындардың саны 244 (132ер, 112 әйел) адамды құраған.
Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Айбатыр Бекішұлының айтуынша, аталған елді мекеннің іргетасы 1913 жылы қаланған. Сол кезде алғашқы ғимарат қызыл саз балшық тастан салынған. Қызыл үй атауы соған байланысты қойылған. Кейін ұжымшар мен кеңшардың ферма орталығы болған.
– Қазір Қызылүйде 265 адам, оның ішінде 145 ер, 120 әйел тұрады. Тұрғындар арасында 38 зейнеткер, мектепке дейінгі жастағы 37 бала, 30 оқушы бар. Елді мекен тұрғындары үшін 2018 жылы су құбыры тартылып, әр үй таза ауыз сумен қамтылды. Ал былтыр табиғи газ желісі іске қосылды, -дейді Айбатыр Бекішұлы.
Елді мекенде тіркелген 33 шаруа қожалығында 1613 мүйізді ірі қара, 2271 қой, 492 ешкі, 1240 жылқы, 592 түйе есепке алынған. Ал тұрғындардың жеке иелігінде 448 сиыр, 404 қой, 255 ешкі, 226 жылқы, 264 түйе бар.
– Болашақ – келешек ұрпақтың қолында. Ал жас буынның теріс әдеттен, оның ішінде алкогольдік ішімдіктен аулақ болғанын қалаймыз. Осы мақсатты көздеген Қызылүй елді мекенінің тұрғындары ішімдіксіз ауыл бастамасына қолдау білдірді. Бұл бастаманың астарында тек тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау ғана емес, ұлттық құндылықтар мен мәдениетті жаңғырту, рухани тазалықты үлгі ету мәселесі бар. Ауылдағы береке мен бірлік, тәртіп пен тыныштық – осы ұстанымның жемісі. Қызылүй тұрғындарының бастамасы ішімдіксіз, саналы қоғам құру жолындағы батыл әрі маңызды қадам ретінде өзге ауылдарға үлгі болады, -дейді Айбатыр Бекішұлы.
Округ әкімінің айтуына қарағанда, Қызылүй елді мекеніндегі соңғы 5 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Аудандық полиция бөліміне мас күйде құқық бұзушылар жеткізілмеген. Дүкенде ішімдік сатылмайды.
– Бұл елді мекенде 1986 жылы бастауыш мектеп ашылған еді. Бала санының көбеюіне байланысты 1990 жылы негізгі мектепке айналды. 2019 жылы 80 орындық екі қабатты мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Қазір білім ордасында 30 оқушы дәріс алады, -деп мәлім етті Айбатыр Бекішұлы.
Сондай-ақ ауылда фельдшерлік пункт, клуб мен кітапхана жұмыс істейді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы Құрылыс ауылының тұрғындары 5 жыл бұрын ішімдіктен бас тартқанын жазған болатынбыз.