Атырау прокуратурасы құрылтайшыларға алданған үлескерлердің құқығын қорғады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау тұрғындары бірнеше тұрғын үй кооперативінің құрылтайшыларына сеніп, нысандар құрылысына үлескер болған. Алайда әлі күнге дейін пәтерін алмағандар бар.

Прокуратура
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Атырау қалалық прокуратурасы «Атамекен тұрғын үй», «Family town», «Baisanat Residence» және «SaraishyqInvestGroup» тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің (ТҚК) құрылтайшылары тарапынан заңсыз әрекеттерді анықтады. Құрылтайшылардың заңсыз ісінен зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғауды жалғастырып жатыр.

– Зардап шеккен пайшылардың құқықтарын қорғау мақсатында Атырау қаласының прокуратурасы «Baisanat Residence» ТҚК және оның құрылтайшыларымен жасалған шарттарды бұзу, аяқталмаған құрылыс нысандарынан алынған қаражаттарды пайшыларға табыстау туралы талап арызбен Атырау қалалық сотына жүгінді. Сот прокуратураның талаптарын заңды деп танып, талап арызды толық көлемде қанағаттандырды. Бұл шешім пайшыларға инвесторларды тартып, құрылысты аяқтауға, көптен күткен баспаналарын алуға мүмкіндік береді, -деп хабарлады облыстық прокуратурадан.

Сондай-ақ, Атырау қалалық прокуратурасының қабылданған шаралары нәтижесінде «Қазанат» ТҚК-ның жер учаскесін пайшылардың меншігіне қайтарылған. Ал, «Ақмаржан» ТҚК жүргізген тұрғын үйдің пайдалануға берілуін қамтамасыз еткен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда зардап шеккен үлескердің пайдасына жер телімдері қайтарылатынын хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар