Атырау тұрғындары тасқын суға қарсы бөгет тұрғызуға жұдырықтай жұмылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының тұрғындары тасқын суға қарсы бөгет тұрғызуға жұдырықтай жұмылды. Қазір жаңадан бөгет салу, бұрынғысын нығайту Атырау қаласында, Жылыой, Қызылқоға, Индер, Махамбет және Құрманғазы ауданында қолға алынған.

Су тасқыны
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Мәселен, Жылыой ауданынан 31 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды. Олардың денін Құлсары қаласының тұрғындары құрайды. Қазір моноқалада ер-азаматтар ғана қалған. Күні-түні мігір таппай, тіпті көз ілмей жүрген олардың мақсаты – кіндік қаны тамған, отбасының шуақты шырағы жағылған тұрғын үйін тасқын судан сақтап қалу. 

Моноқала деген атауы болғанымен, Құлсары бірнеше шағын ауданға, тіпті ауылға бөлінген. Әр ауылдың жігіттері қиын сәтте жұдырықтай жұмылып, жаңадан бөгет соғып, бұрынғысын нығайтуды қолға алған. Жігіттердің ауызбіршілігі – көпке үлгі боларлық өнеге. 

Су тасқыны
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Қазір Құлсары қаласында 5 мыңға жуық ерікті бөгет нығайтуға атсалысып жүр. Соның бірі Бейбарыс Бекешов 7-ші ауылда тұрады. Бес күннен бері үйіне бармай, достарымен бірге бес шақырым аумаққа жеті қабаты бар бөгет тұрғызған. 

«Біз үшін Құлсарыдан ыстық, Құлсарыдан қымбат мекен жоқ. Мұнда қызыққа толы балалық шағымыз өтті. Осында өмірге келдім, осында есейгендіктен Құлсарыны қалай қорғамаймын? Отанға деген сүйіспеншілік туған жеріңді қорғаудан басталады», - дейді Бейбарыс Бекешов. 

Құлсарыға Атырау гарнизонының №41433, 41321 және 21642 әскери бөлімінің әскери қызметшілері көмекке келді. Мәселен, №41433 әскери бөлімінің рота командирі, капитан Рамазан Одинаевтың айтуынша, жеке құрам тасқын су басқан «Доссор-Құслары» бағытындағы жолды айналып өткен. Бұл үшін 200 шақырымды жаяу жүруге мәжбүр болған. 

Су тасқыны
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

«Әскери қызметшілер Құлсары қаласын тасқын судан қорғау үшін жағалауды нығайту жұмыстарына кірісті. Олар таңғы сағат 06:00-07:00-ге дейін 1 мыңнан астам қапқа топырақ толтырып, бөгетке төседі. Жылыой ауданындағы бұл жұмысқа 200-ден астам әскери қызметші жұмылдырылды» дейді рота командирі Рамазан Одинаев.

Тасқын суға қарсы бөгетті нығайту Индер, Махамбет аудандарында жүріп жатыр. Бұл жұмысқа еңкейген кәріден мектептегі балаға дейін қол ұшын созып жүр. Солардың қатарында Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылында тұратын Орынша Қожиева да бар. Көпті көрген әженің жасы – 92-де. Он баласынан 16 немере мен 10 шөбере сүйген. Бастапқыда «Первомайский» ЖШС-да, кейін мектепте жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан. 

Су тасқыны
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Көпті көрген әже Жайық өзенімен тасқын су келеді дегенді естіп, үйінде отыра алмапты. Белін шарт түйіп, жағалаудағы бөгетті нығайтып жатқан ауылдастарына көмекке ұмтылды. 

«Біраз жасқа келдім. Сонда да үйде отыра алмадым. Қазір менің қолымнан құм толтырылатын қапты дайындап отыру ғана келеді. Табиғаттың тосын мінезін болжау мүмкін емес. Осы жасыма дейін мұндай қиындықтың талайын көрдік. Су тасқыны секілді табиғи апатқа алдын ала дайындалу керек», - дейді Орынша Қожиева.

Жасы ұлғайса да ауылдастарынан қалмай, тасқынға қарсы күреске кіріскен әженің бұл ісі туралы әлеуметтік желіде видео тарады. Сол видеодан көрген болуы керек, Президент алғысын жолдады. Оны әжеге облыс әкімі жеткізді. 

Су тасқыны
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Атырау облысына әр өңірден көмекке жедел жеткен құтқарушылар, еріктілер көп. Мәселен, Алматы облысынан 115 адам, Ақтөбе өңірінен 20 әскери келді. Ал Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Ғабит Омаровтың мәліметінше, көрші өңірден 72 құтқарушы келген. 

«Біздің департаменттің 27 қызметкері Береке ауылында бір күнде 3 мың қапқа құм толтырып, 2,5 шақырым бөгет соқтық. Бес қайық, жеті арнайы техникамыз бар. Өзге қызметкерлер су басқан елді мекендердің тұрғындарын қайықпен тасымалдау жұмысына жұмылдырылды», - деді азаматтық қорғау подполковнигі Ғабит Омаров.

Береке ауылының тұрғыны Азат Баяновтың дерегіне сүйенсек, мұнда ұзындығы 3 шақырым, биіктігі 3 метр бөгет салынып жатыр. Жергілікті компаниялар мен маңғыстаулық күш құрылымдары жұмылып, тұрғындармен бірлесе жұмыс атқарып жүр. 

Су тасқыны
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

«Біз ауылымызды тасқын судан қорғап қалуға жұмыстанудамыз. Бастапқыда бөгеттің биіктігі аласа болды. Тұрғындардың атсалысуымен әкімдік, жергілікті мекемелер мен маңғыстаулық күш құрылымдарының жұмылуымен бөгетті биіктеттік. Жанар-жағармай, қажетті құрал-жабдықтар пен техника жеткілікті. Жайық өзеніне келген судың деңгейі қалыпқа түскенше, ауылды қорғауды жалғастыра береміз», - деді Азат Баянов.

Ал Атырау қаласында Жайық өзенінің жағалауына бөгет салынуы тиіс 105 учаске белгіленген. Облыстық ішкі саясат басқармасының маманы Ақбөбек Тәттібекқызының айтуынша, қазір 5 мыңға жуық волонтер жағаны бекіту жұмысын атқарып жүр. 

Су тасқыны
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

«Атырау қаласының аумағында су басу қауіпі бар деп танылған шағын аудандар, шаһар маңындағы елді мекендер территориясына жауаптылар бекітілді. Кәсіпорындар, жергілікті атқарушы билік органдармен бірге волонтерлер Жайық өзенінің жағалауындағы бөгетті нығайту үшін қапты топырақпен толтырып береді. Олар бұл жұмысты күні-түні үзіліссіз атқарады», - дейді Ақбөбек Тәттібекқызы.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында төтенше жағдай жарияланғанын жазған едік. 

Сондай-ақ, Серік Шәпкенов Жайық өзенінің суы Атырау қаласына қай тұстан кіруі мүмкін айтқан еді. 

Су тасқыны
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі
Су тасқыны
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

 

Соңғы жаңалықтар