Атырау тұрғындарына құрбан малын союға 14 қасапшы көмек береді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда Құрбан айт намазы таңғы сағат 6:30-да оқылады. Бұл күні ұлттық салт-дәстүрді насихайтын іс-шаралар мен ұлттық ойындардан жарыстар өткізіледі.

Шымкентте Құрбан айт мерекесіне орай мал союға арналған ресми орындар белгіленді
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Болатбек Ұласханұлының айтуынша, Құрбан айт күндері ізгілікке толы қайырымды істерді атқаруға ұмтылу керек. 

– Мұсылмандар үшін екі ұлық мереке бар. Соның бірі – Құрбан айт. Бұл мереке адамзатты сабырлыққа, қайырымдылыққа, мейірімділікке үндейді. Бұл күндері ағайын-туысқа, дос-жаранға, барша адамзатқа бауырмал болу керек, - дейді Болатбек Ұласханұлы.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаевтың айтуына қарағанда, Атырау қаласында құрбан шалатын төрт орын дайындалып жатыр. Бұл – «Тума» мал базары, «Адал» мал сою орны, «Иманғали» және «Құспан молда» мешіті жанындағы қасапханалар.

– Айт күндері әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жетімдерге, жалғызбасты қарияларға құрбан еті жеткізіліп, қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылады. Құрбандық шалу онлайн және офлайн форматта өткізіледі. Тұрғындарға құрбан малын союға арнайы оқудан өткен 14 қасапшы көмектеседі. Онлайн тапсырысты qurban.muftyat.kz сайты арқылы беруге болады. Порталда мал түрі, бағасы мен сипаттамасы толық көрсетілген. Құрбан шалынғаны туралы бейнемәлімет өтініш иесіне жіберіледі. Имамдар мен еріктілер мал етін мұқтаж тұрғындарға жеткізу ісіне жұмылдырылады. Мұқтаждар тізімі арнайы база арқылы анықталады, -деді Қаһарман Мұсаев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Құрбан шалу орындары бекітілгені хабарланған еді. 

Соңғы жаңалықтар