Атырау тұрғындарына түтін мен ыстың иісіне байланысты көшеге шықпау ескертілді
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өртінің салдарынан ыстың иісі күшейіп тұр. Қазір мұнайлы шаһарды түтін тұмшалап тұр.

Атырау тұрғындары ыстың иісіне шағымданып жатыр. Әлеуметтік желіде «Атырауым, көк түтін», «Қамыс жанған кезде қауіпті», «Тұншығып, өлетін болдық қой» деп жазып жатыр.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының мәліметінше, әуеден барлау жүргізу және өртті сөндіру үшін департамент қызметкерлері «Қазавиақұтқару» АҚ су төгу құрылғысы бар МИ-8 тікұшағымен қызметкерлері ұшып шықты. Өртті сөндіруге 82 адам, 17 техника тартылған.
— Қазір өрттің елді мекендерге таралу қаупі жоқ. Желдің салдарынан қалада түтін бар. Ыстың иісі сезіліп тұр. Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтарынан қауіпсіздік мақсатында көшеге шығудан уақытша бас тартуды, терезелер мен есіктерді жауып, балаларды назардан тыс қалдырмауды сұраймыз, — деп мәлім етті департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауды «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өртінің түтіні басқанын жазған болатынбыз.
Кейін «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті 3 тәуліктен соң сөндірілгенін хабарлаған едік.