Атырауда 5 млрд теңгеден астам қаржы мемлекет пайдасына өндірілді
АТЫРАУ. KAZINFORM — 2025 жылы сот орындаушылар 5 млрд теңгеден астам қаржыны мемлекет пайдасына өндірген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық әділет департаментінің басшысы Гүланда Қыстаубаева айтты.
Департамент мәліметінше, облыста 9 мемлекеттік және 72 жеке сот орындаушысы қызмет атқарады. Былтыр 285 мыңнан астам атқарушылық құжат орындалып, оның 63 мыңы нақты жүзеге асқан. Нәтижесінде жалпы 25 млрд теңгеден астам қаражат өндірілген. Жалпы өндірілген қаражат салық берешегі, әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істерге қатысты. Әлеуметтік маңызы бар алименттер бойынша 11 мыңға жуық құжат орындауда. Өткен жылы 272 борышкер ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 669 бабының 1 тармағымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алимент төлеуден жалтарған 8 азамат соттың үкімімен 1 жыл мерзімге бас бостандығы шектелген.
— 2022 жылы алимент бойынша 8 мыңдай құжат қаралған. Соңғы жылдары бұл бағыттағы құжат саны 3 мыңға артып отыр. Қазір алимент алушылар мен төлейтіндердің арасында 2005,2006 жылы туғандар көбейді. Бүгінде 326 млн теңге өндірілген. Көрсеткіштің төмен болуына борышкерлердің жұмыссыз болуы әсер етеді. Сондай-ақ мүліктерін жасырып жүргендер әлі де бар, — деді Гүланда Қыстаубаева.
Атқарушылық іс жүргізуде «Робот сот орындаушысы» жүйесі іске қосылып, 20 АЕК-ке дейінгі берешектер автоматты түрде өндіріліп жатыр. Бұл азаматтарға жеке сот орындаушыларының қызмет ақысына кететін шығынды төлетпейді.
Сондай-ақ «Тараптар кабинеті» мобильді қосымшасы енгізіліп, тараптар атқарушылық іс материалдарымен онлайн танысып, өтініш беріп және төлем жасай алады. Биыл департамент цифрландыруды тереңдету және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырмақ.
Осыған дейін Ақтауда борышкерлерден 280 миллион теңге өндірілгенін жазған едік.