Атырауда 74 алаяқтық қылмысын жасаған 11 адамның ісі сотқа жолданды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда жыл басынан бері интернеттегі алаяқтыққа қатысты 836 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 74 алаяқтық қылмысын жасаған 11 адамның ісі сотқа жолданды.

уголовное дело
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Атырау қалалық полиция басқармасының жедел уәкілі Думан Назарбектің айтуынша, биыл алаяқтық қылмысының күрт өскені байқалады. 

«Жыл басынан бері облыс аумағында интернеттегі алаяқтыққа қатысты 836 қылмыс тіркелді. Оның ішінде 102 қылмыс ашылды. Бірақ, бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 213 қылмысқа артып отыр. Ашылған 102 қылмысқа қатысы бар 49 адам анықталды. Ал, 11 адамның облыс аумағында 74 алаяқтық қылмысын жасағаны дәлелденіп, қылмыстық іс сотқа жолданды», - деп хабарлады Думан Назарбек.

Оның пікірінше, интернеттегі алаяқтықтың өршуіне әсер ететін бірнеше фактор бар. Біріншіден, тұрғындардың қаржылық сауатының төмендігі себеп болып отыр. Екіншіден, тұрғындар ақпараттық технологиялар саласындағы біліктілігін жетілдірмейді. Үшіншіден, Атырау облысында өзге өңірлерге қарағанда, табыс пен қаржы айналымының жоғары деңгейде екені ықпал етеді. 

«Тұрғындарға интернет алаяқтардан сақ болу үшін бірнеше қарапайым тәсілді ескеруді ұсынамыз. Біріншіден, дербес деректердің қауіпсіздігіне назар аудару қажет. Екіншіден, банктен қаржы алатын пластикалық карталардағы жеке мәліметтерді, пин-кодтар мен құпия сөздерді ешкімге хабарламаған жөн. Үшіншіден, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асыруға асықпау керек. Төртіншіден, мобильді телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпау, күдікті сілтемені баспау, спам түріндегі хабарламаларға сенбеу жөн екенін қаперге береміз», - деп мәлім етті Думан Назарбек.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда тұтынушының ақшасын құмар ойынға жұмсаған әйел сотталғанын жазған болатынбыз. 

Атырау соты үш жылға сотталған атыраулықтың жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырды.

Соңғы жаңалықтар