Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті 3 тәуліктен соң сөндірілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Атырау облысында «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті толық сөндірілді. Жалын шарпыған аумақ – 1050 гектар.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан мәлім еткендей, қамыс өрті 31 мамырда тұтанған.
– Бүгін, 2 маусымда сағат 16:15-те Дамбы ауылынан 20 шақырым қашықтықта жанған қамыс өрті толығымен сөндірілді. Өртті сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 85 қызметкер, 14 техника, 1 ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараты мен «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы тартылды. Ал «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының 25 қызметкері, 11 техника және 2 жүзу құралы жұмылдырылды. Жалын шарпыған аумақ шамамен 1050 гектар, - деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.
Қамыс өртін сөндірудің 3 тәулікке созылауына бірнеше жайт себеп болған. Біріншіден, сулы, батпақты аумақтағы қамыс тұтанған. Екіншіден, желдің екпіні кедергі келтірген. Үшіншіден, қамыс қалың әрі биік өскен.
– Осындай себептер өрт сөндірушілердің жалынмен 3 тәулік бойы күресуіне себеп болды. Сулы, батпақты аумақтағы өрт ошағына техникамен жету мүмкін болмады. Сол себептен, жалынды сөндіруге тікұшақ қолданылып, кеше әуеден өрт ошағына 30 тонна су шашылды, - деп мәлім етті департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан.
Қазір өрт ошағында 19 қызметкер 5 техникамен кезекшілік атқарып жүр. Аталған аумақ тәулік бойы бақылауға алынған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы «Ақжайық» резерватында қамыс өрті 10 гектарда бықсып жатқанын хабарлаған болатынбыз.