Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті әлі толық сөнген жоқ

АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өртіне тікұшақпен тағы да су төгіледі. 

Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті әлі толық сөнген жоқ
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан мәлім еткендей, қамыс өртін сөндіру жалғасады.

– Бүгін, 18 маусымда сағат 09:15-те қамыс өртінің ошағына барлау жүргізу және сөндіру жұмысын ұйымдастыру үшін облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаев барды. «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағының арнайы құрылғысымен өрт ошағына әуеден су төгіледі, - деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы. 

Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті әлі толық сөнген жоқ
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуына қарағанда, резерваттағы өрт ошағын жою үшін жедел штаб құрылған. 

– Төрт күнде 800 гектардан астам аумақтағы өрт ошағының дені сөндірілді. Өртті сөндіру жұмысына төтенше жағдайлар департаментінен, «Ақжайық» табиғи резерваты мен орман шаруашылығы саласынан, мемлекеттік органдардан қызметкерлер жұмылдырылып, арнайы техинкалар тартылды. Тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылды. Кезекшілік бір апта бойы жалғасады, - дейді Қайрат Нұртаев. 

Қамыс өртін сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 78 адам, 11 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 32 адам, 8 техника тартылған. Жалынды сөндіру тәулік бойы жалғасып жатыр. 

Атырау облыстық ТЖД
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауды тағы да «Ақжайық» табиғи резерватында жанған қамыс түтіні басқанын жазған едік. 

Төтеншеліктер Атырау тұрғындарына түтін мен ыстың иісіне байланысты көшеге шықпауды ескертті. 

Ал кеше Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы өртке тікұшақпен 100 тонна су төгілгенін хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар