Атырауда асфальтбетон шығаратын 7 зауыт талапқа сай келмеген
АТЫРАУ. KAZINFORM — Биыл Атырау облысында 150-ге жуық жолдың сапасына бақылау жүргізілді. Бұл туралы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК АОФ директоры Аслан Дюсенов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, өңірде жалпы ұзындығы 3 мың шақырымға жуықтайтын автомобиль жолы бар. Биыл сапа сараптамасымен барлығы 148 жол-құрылыс нысаны қамтылды. Оның ішінде 25 республикалық, 11 облыстық, 79 аудандық және 33 қалалық маңызы бар нысан тексерілген.

— Жыл басынан бері біздің мамандар 600 мәрте жолға шығып, жол құрылысына пайдаланылған материалдардан 2 500-ден астам сынама алды. Сонымен қатар ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасына сәйкес облыс аумағындағы асфальтбетон зауыттарына жыл сайынғы тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған 19 зауыттың жетеуінде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жағдайлар анықталды, — деді А.Дюсенов.

Сондай-ақ 2025 жылы жол нысандарын пайдалануға беру тәртібіне қатысты өзгерістер күшіне енген. Енді автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу нысандары тек Жол активтері сапасының ұлттық орталығы берген жұмыстар мен материалдардың сапасы туралы қорытынды есеп болған жағдайда ғана қабылданады.

Филиалдың жол зертханасының жұмысы туралы оның меңгерушісі Дәурен Кенжешев баяндады.
— Сынақ зертханасының негізгі мақсаты — құрылыс материалдарының сапасын, беріктігін және нормативтік талаптарға сәйкестігін дәлелді түрде анықтау. Зертханада жүргізілетін сынақтар өнімнің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етіп, жобалардың сапалы орындалуына ықпал етеді. Қазір зертханалық жұмыстарды автоматтандыру маңызды рөл атқарып отыр. Автоматтандыру өлшеу дәлдігін арттырып, адами факторға тәуелділікті азайтады, деректерді жылдам өңдеп, сақтауға мүмкіндік береді, — деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін жол құрылысы мен жөндеуіне қатысты міндетті мерзім белгіленгені туралы хабарладық.