Атырауда бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзғандардан 690 млн теңге өндірілді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында былтыр бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзушыларға 884 млн теңге айыппұл салынған. Айыппұлдың 690 млн теңгесі мемлекет пайдасына өндіріліп алынған.

айыппұл
Фото: freepik.com

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Айгүл Нәбиеваның айтуынша, өткен жылы 53 тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізлген.

«Талдаудың нәтижесімен 5 субъектіге хабарлама берілді. Ал 3 субъектіге қатысты тергеп-тексеру тағайындалды. Былтыр бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзғандарға 10 әкімшілік іс қозғалып, 884 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Айыппұлдың 690 млн теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді», -деді Айгүл Нәбиева.

Оның мәліметінше, Атырау облыстық прокуратурасымен бірге «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-нің қызметі тексерілген.

«Тексерудің аясында бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу дерегі анықталды. Нәтижесінде қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-ға әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 324 млн теңгеден астам мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ, «РТИ-АМӨЗ», «Batys Trans Group» мекемелеріне тергеп-тексеру жүргізілді. Нәтижесінде темір жол саласындағы қызметтерде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу дерегі анықталды. Соған байланысты жалпы көлемі 550 млн астам теңгені құрайтын монополиялық кіріс және салынған айыппұлдар мемлекет пайдасына толық көлемде өндірілді», -деп хабарлады Айгүл Нәбиева.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда су жеткізуші кәсіпорынға 5,5 млн теңге айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар