Атырауда былтыр жоғалған бойжеткеннің мүрдесі Жайық жағалауынан табылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда былтырғы күзде 23 жастағы бойжеткен із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Содан бері оны Жайық өзенінен іздеді.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабар-ошарсыз кеткен бойжеткеннің мүрдесі өзен жағалауынан табылғанын растады.
– Жайық өзенінің Махамбет ауданы аумағындағы жағалауынан 2024 жылғы қазан айында жоғалған 23 жастағы тұрғынның мәйіті табылды. Былтыр бойжеткеннің өліміне байланысты 24 және 25 жастағы екі күдікті ұсталып, қамауға алынған еді. Күдіктілерге қатысты адам өлтіру дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметіне қарағанда, Атырау қаласының тұрғыны Яна Легдокимова 2001 жылы дүниеге келген. Ол Атырау қаласындағы Авангард-2 шағынауданында тұрған. Үйінен былтырғы 18 қазан күні сағат 22:00 шамасында шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 23 жастағы бойжеткеннің із-түзсіз жоғалуына байланысты екі күдікті ұсталғанын хабарлаған едік.
Сондай-ақ, жыл басында Атырауда былтыр із-түзсіз жоғалған бойжеткенді Жайықтан іздеу тоқтатылды.
Ал наурызда бойжеткенді Жайықтан іздеу қайта жалғасқан еді.