Атырауда бір мектеп 10,9 млн теңгеге 90 парта сатып алмақ болған

Алматы
Фото: gov.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында бір мектепке 90 партаны сатып алуға 10,9 млн теңгені жұмсауды жоспарлаған. Баға нарықтағыдан бірнеше есеге көп көрсетілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл дерек Махамбет ауданында анықталып отыр. 

«Махамбет ауданының білім бөліміне қарасты Жалғансай орта мектебі бір партаны 121 мың 428 теңгеден сатып алуға ұсыныс берген. Осылайша 90 парта үшін 10,9 млн теңгені жұмсауды жоспарлағаны анықтады. Бұл тауардың орташа бағасы 30-40 мың теңгені құрайды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлердің ұсынысымен тапсырыс беруші 1 партаның бағасын 2,5 есеге – 44 мың 642 теңгеге төмендеткен. Ал, партаның санын 208-ге дейін жеткізіп, 9,2 млн теңгеге сатып алуды жариялаған. 

«Елімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында сатып алу бағасына мониторинг жүргізіліп келеді. Волонтерлер мониторингінің нәтижесінде биылғы бірінші тоқсанда бюджеттің 53,9 млн теңгеден астам қаржысын тиімсіз жұмсауға жол берілмеді», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін «Жайлы мектеп» жобасымен Атырауда 12 білім ордасы салынып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар