Атырауда бірнеше тұрғынның атына 7 млн теңге несие рәсімдеген күдікті ұсталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда 36 жастағы күдіктінің тұрғындардың атына 7 млн теңге несие рәсімдегені анықталып отыр. Күдікті қамауға алынды.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қазір күдкті ұсталған.
«Криминалдық полиция басқармасына қарасты киберқылмысқа қарсы күрес тобының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасын жүргізіп, бірнеше тұрғынның атынан банк қосымшасы арқылы 7 млн теңгеге жуық несие рәсімдеген күдіктіні анықтады. Заңсыз қаржыны иемденген 36 жастағы күдікті ұсталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір күдіктіге қатысты алаяқтық дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.
Атырау облыстық полиция департаменті кибер қылмысқа қарсы күрес тобының аға жедел уәкілі Асхат Нұрмановтың айтуынша, былтыр интернеттегі алаяқттыққа қатысты 747 қылмыс тіркелген. Жергілікті тұрғындар алаяқтаарға 400 млн теңгеге жуық қаржысын беріп жіберген.
«Биыл жыл басынан бері осындай 500-ге жуық қылмыс тіркеліп отыр. Жәбірленушілердің арасында әлеуметтік мәртебесі әртүрлі тұрғындар бар. Тіпті 25 пен 45 жас аралығындағы жастар зардап шегеді. Алаяқтар көбіне тек орыс тілінде сөйлеседі. WhatsApp желісі арқылы хабарласады. Психологиялық қысым жасайды. Сөйлесу кезінде ойлануға мүмкіндік бермей, асықтырады. Кейде туысыңыздың атынан қарызға ақша сұрайды», -дейді Асхат Нұрманов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсары тұрғындары алаяқтардың көбейгеніне алаңдап отырғанын жазған едік.