Атырауда булану алаңдарын қалпына келтіру, қалдықтарды өңдеу қалай шешіледі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында қоршаған ортаның тазалығына кері әсер ететін 2 булану алаңы бар. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны да ауаның ластануына себепкер болып отыр. 

Атырауда булану алаңдарын қалпына келтіру, қалдықтарды өңдеу қалай шешіледі
Фото: Атырау облыстық экология департаменті

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, экологияның тазалығын қамтамасыз етудегі маңызды міндеттің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару.

– Былтыр облыста 254,6 мың тонна тұрмыстық қалдық жиналды. Қалдықтың тек 30,2%-ы ғана сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберілді. Бұл көрсеткіш əлі де жеткіліксіз болып отыр. Осы мəселені шешу мақсатында бірнеше стратегиялық жоба іске асыруды қолға алдық. Биыл Атырау қаласының оң жағалауында жеке инвестор есебінен салынған қуаты жылына 150 мың тонна қоқысты сұрыптайтын кешен іске қосылды. Испандық озық технологиясымен жабдықталған кешенде картон, пластик, алюминий жəне өзге де материалдарды автоматты түрде сұрыпталады. Бұл, өңделетін қалдықтардың үлесін едəуір арттыруға мүмкіндік береді, - дейді Серік Шәпкенов.

Әкімнің пікірінше, қатты тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару – тек жинау мен сұрыптау емес. Бұл инфрақұрылымды жаңарту жəне қайта құрылымдау мəселесімен тікелей байланысты болып отыр. Сол себептен, Атырау облысында бұл бағытта бірқатар маңызды жобалар қолға алынған. 

– Біріншісі – полигондарды оңтайландыру жəне орталықтандыру. Облыс бойынша пайдаланылып келген ескі, талапқа сай емес полигондар экологияға айтарлықтай қауіп төндіріп отырғаны белгілі. Осыған орай, полигондарды оңтайландыру жəне орталықтандыру бойынша кешенді жұмыс басталды. Аталған мақсатқа 1,8 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл шара полигон жүйесін ретке келтіруге, заңсыз төгілетін қалдықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Екінші бағыт – ескі полигонды рекультивациялау Атырау қаласында 1977 жылы пайдалануға берілген қатты тұрмыстық ақлдықтар полигоны толықтай ескірген. Оны əрі қарай пайдалану экологиялық тұрғыдан тиімсіз әрі қауіпті болады. Осыған байланысты 2024-2027 жылдар аралығында бұл полигонды толық рекультивациялау жобасы басталды. Жобаның жалпы құны 11,3 млрд теңгені құрайды. Бұл жұмыс – тек тазарту шарасы емес, болашақта сол аумақты қайта игеруге мүмкіндік беретін ауқымды экологиялық шешім.

Үшіншісі – жаңа заманауи полигонның құрылысын жүргізу. Атырау қаласының урбанизациялау процесі қатты тұрмсытық қалдықтың көбеюіне алып келді. Осыған байланысты Экологиялық Кодекстің талаптарға толық жауап беретін жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысын 2027 тапсыруды жоспарлап отырмыз. Бұл нысанның жылдық қуаты 200 мың тоннаға дейін қалдық қабылдауға есептелген. Жобаның сметалық құны – 15,5 млрд теңге. Жаңа полигон қалдықты қауіпсіз қабылдауға, экожүйені қорғауға, өңірдің ұзақ мерзімді экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, - дейді Серік Шәпкенов.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің дерегіне сүйенсек, 2026 жылы қатты тұрмыстық қалдықтар сақтайтын 18 полигонды оңтайландыру көзделген. Бұл жұмысты атқару 2024 жылы басталған. 

Ал облыстық экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтің 2021 жылы «Тухлая балка» булану алаңын қалпына келтіру қолға алынған. 

– «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС «Нормативті тазартылған ағынды сулардың арнасын қайта құру және булану кен орындарын рекультивациялау» жобасын жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Бұл жоба аясында булану алаңының 1, 2, 3 және 4-секторын қалпына келтіру жоспарланған. 2023 жылы 1 және 2-секторын қалпына келтіру жұмысы аяқталды. Ал 3 және 4-ші секторды қалпына келтіру үшін кәріздік сорғы станциясына зауыттың сарқынды суын жіберу желісін қосу жүргізілді. Қазір Атырау облысының әкімдігімен бірге зауыттың ағынды суын су құбыры станциясына, содан кейін булану алаңдарына кезең-кезеңімен төгу бойынша тәжірибелік сынақ жүргізіліп жатыр, - дейді Асқар Жүсіпов. 

Атырау қаласының оң бөлігіндегі «Квадрат» булану алаңын қалпына келтіру жұмысының жобасын «ҚұрылысЭкспертПроект» ЖШС дайындаған. Мердігер – «Павлодарский речной порт» ЖШС. 

Қалпына келтіру жұмысы 2022 жылы басталған. Құрылыс учаскесінің жалпы ауманы 57,68 гектарды құрайды. Бұл жұмысқа былтыр жергілікті және республикалық бюджеттен 2,4 млрд. теңге қаралған. 

– Бұл жобаны іске асыру Атырау қаласының атмосфералық ауа сапасына теріс әсерді азайтуға мүмкіндік береді. Тәулігіне 31000 текше метр сарқынды суды пайдаланудың 2 санатының көрсеткіштеріне дейін тазартуды қамтамасыз етеді. Жоба 2025 жылдың соңына дейін аяқталады, - дейді Асқар Жүсіпов. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың экологиясы қашан жақсаратынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар