Атырауда Дінмұхамед Қонаев аялдаған жерде ашық аспан астындағы мұражай ашылады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында Дінмұхамед Қонаев аялдаған жерде ашық аспан астындағы мұражай ашылады. Бұл мұражай туристер көп келетін орынға айналуы мүмкін.

Қонаев мұражайы
Фото: Индер ауданының әкімдігі

Индер ауданында «Димаш төбе» деген дөңес бар. Аудан орталығы – Индербор кентінен шығысқа қарай 8 шақырым қашықтықта орналасқан. Ертеректегі атауы «Оңдасын жалы» болған.

Қонаев
Фото: Индер ауданының әкімдігі

Аудан әкімі Дарын Шамұратовтың айтуына қарағанда, 1978 жылы Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаев дәл осы дөңнің үстінде жергілікті жұртшылықпен кездесіпті. Сол кезде Индер ауданының аумағындағы қазба байлықтың мол қоры қойылған дала мұражайы ұйымдастырылыпты. Содан бері индерлік тұрғындар бұл дөңді «Димаш төбе» деп атайды.

«Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің ұсынысымен аталған тарихи орынды қайта жаңғыртып, ашық аспан астындағы мұражайға айналдыруды көздедік. Сол себептен, бұл орынды өңірлік туристік картаға енгізу мақсатында жаңа жоба жасалды. Жобаға сәйкес ашық аспан астындағы мұражайға кірер тұстағы маңдайшаға «Димаш төбе» атауы жазылады», -дейді Дарын Шамұратов.

Қонаев мұражайы
Фото: Индер ауданының әкімдігі

Әкімнің айтуынша, мұражай маңдайшасының сол жақ бағанына сол кезде түсірілген тарихи фотоның көшірмесі қойылады. Ал, оң жақтағы бағанда мұражай жөнінде ақпарат беріледі. Ашық аспан астындағы жаңа мұражайдың аумағына Дендер күмбезіндегі қазба байлықтың түрлері, оның ішінде минерал тастар мен рудалар салынған бірнеше жәшік қойылады. Жәшікті тастан жасау көзделген. Сондай-ақ, екі үлкен күмбезді композиция орнатылады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ортағасырлық Сарайшықтан көне кесененің дромосы табылғанын жазған болатынбыз.

Қонаев мұражайы
Фото: Индер ауданының әкімдігі

 

Соңғы жаңалықтар