Атырауда екі айда 8 келіден астам есірткі тәркіленді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 8 келі 446 грамм есірткі тәркіленді. Оның 6,4 келісі — марихуана, қалғаны синтетикалық есірткілер.

Жамбыл облысында есірткіні заңсыз сақтап, тасымалдаған әке мен баласы сотталды
Фото: Pixabay.com

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәркіленген синтетикалық заттардың қатарында альфа-PVP мен мефедрон бар. Сондай-ақ мессенджерлер, интернет платформалар және электронды әрі криптовалюталық төлем жүйелері арқылы жұмыс істеген есірткі дүкені анықталған. Аталған онлайн дүкен арқылы есірткі сатумен айналысқан 8 адам ұсталды. Полиция олардың ұйымдасқан қылмыстық топ екенін анықтады.

Жалпы жыл басынан бері өңірде есірткіге қатысты 28 құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 18-і қылмыс.

Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықовтың айтуынша, қала тұрғынының үйінде қарасора өсіруге арналған зертхана бар екені белгілі болды.

— Үй жағдайында қарасора өсіру үшін зертхана ұйымдастырған қала тұрғыны анықталды. Одан 64 түп қарасора тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр, — деді Құттыбай Садықов.

Сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы 1-бөлігі, 103 және 608-баптары бойынша 10 дерек анықталған.

Бұдан бөлек, «Антифрод» ақпараттық жүйесі арқылы 290 қазақстандық және шетелдік шот бұғатталған. Есірткі сайттарын жарнамалайтын граффити жазбаларды жою және ақпараттық брошюра тарату бойынша 10 акция мен рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 40-қа жуық жазу өшірілген.

Осыған дейін Қостанай облысында ер адамнан 200 келіден астам есірткі тәркіленгені туралы хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум