Атырауда екі мектепте жарылғыш зат қойылғаны жөнінде жалған хабар берілген

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласындағы екі мектепке жарылғыш зат қойылғаны жөнінде жалған хабар берілген. Білім ошақтарынан қауіпті зат табылған жоқ.

Полиция
Фото: ІІМ

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, шаһардағы екі мектепте жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар бойынша анықтау, тексеру жүргізілген. 

«Атырау қаласындағы 2 мектепте жарылғыш зат бар деп келген хабарлама бойынша дереу анықтап-тексеру және эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Оқиға орнына тиісті құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмылдырылды. Жүргізілген жедел әрекет нәтижесінде ғимараттан ешқандай жарылғыш зат анықталған жоқ. Жалған хабарлама беру дерегі бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті адамды анықтау үшін кешенді жедел-іздестіру шаралары қолға алынды. Қазір Атырау қаласындағы барлық мектептің қауіпсіздігі полиция қызметкерлерінің бақылауында екенін қаперге береміз», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Алайда, полиция департаментінен жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабардың қашан, кімге берілгенін нақтылаған жоқ. 

ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабында (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны айтылған. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 5 жасөспірім көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар