Атырауда Formula-1 деңгейінде автотрасса ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Атыраулық кәсіпкер әлеуметтік жауапкершілік аясында автоспорт кешенін салып жатыр. Оның жастарға қаншалықты қолжетімді болатынын өңір әкімі Серік Шәпкенов айтып берді.

Түп–Кеген халықаралық трассасының құрылысы аяқталды
Фото: Кабар

Әкімнің айтуынша, Texol Motorland Atyrau кешенін кәсіпкер Шота Абхазава өз бастамасымен және өз қаражатына салып жатыр. 

- Кәсіпкердің өзі автожарыстарға қатысады, осы хоббимен белсенді айналысады және идеяны да өзі ұсынған болатын. Қазір әкімдік қажетті жер аумағын берді, бұл жерде италиялық сәулетшілер мен трассаларды жобалаушы мекеме тартылып, зерделеу жұмыстары басталды. Бұл Атыраудың туризміне ерекше үлес қосатынына сенімдімін, — деп жауап берді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сұрағына. 

Сонымен бірге, әкім жастардың көшеде заңсыз жарыстар ұйымдастыратынын да атап өтті. 

— Бұл сұрақты инвестордың өзіне де қойғанмын. Өйткені жастардың өзі жиналып, заңсыз жарыстар ұйымдастырады, апатқа ұшырамасын деп ойлаймыз. Осы трассаның ішінде жастарға бар мүмкіндік беріледі. Бірақ міндетті түрде қауіпсіздікке қатысты оқулар, қажетті костюмдер болады. Жобаның ішінде бәрі қарастырылған. Шамамен 2-3 жылда жоба құрылысы аяқталады, — деді С. Шәпкенов. 

Бұған дейін Серік Шәпкенов Атырауға 83 мыңнан астам турист келгенін айтқан еді. Әсіресе, ортағасырлық Сарайшық пен Қиғаш өзеніндегі Лотос алқабы туризмді дамытудағы басты бағыттарға айналған.

 

Соңғы жаңалықтар