Атырауда қатарластарын балтамен қуалаған оқушы сабаққа барып жүр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысы Құлсары қаласында қатарластарын балтамен қуалаған оқушыға қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Соттың шешімімен бала үйқамаққа қамалды. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов айтты.

Атырауда қатарластарын балтамен қуалаған оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: видеодан алынған скрин

Оның сөзінше, оқушының кәмелет жасқа толмауына, өңірдегі криминалдық ахуалға және жасөспірімнің ата-анасының сұрауы бойынша 15 жастағы жасөспірім үйқамаққа жіберілген. Оқушыға тек мектеп пен медициналық ұйымдарға баруына рұқсат етілді. Мұндай шектеу тергеу амалдары аяқталғанға дейін жалғаспақ. Оқушы бүгін сабаққа қатысқан.

- Оқиға салдарынан екі бала жеңіл жарақат алды. Полицейлер балтаға ұқсас затты таба алмады. Осы жағдайға байланысты Білім беру басқармасы, Полиция департаменті мен облыстық прокуратура өкілдерімен бірлескен тексеріс жүргізілді. Бірқатар кемшілік анықталып, оларды жою жұмысы жүріп жатыр. Осы жағдайға қатысы бар оқушылар есепке алынды. Балалармен тәрбие жұмысы ұйымдастырылып жатыр,- деді басқарма басшысы Марат Әбуов.

Еске салайық, 5 ақпан күні Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы №6 мектептің 10 сынып оқушысы қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларды балтамен қуалаған видеосы әлеуметтік желіде тараған еді.

Кейін мектептің директоры өз арызы негізінде қызметінен босатылды.

Соңғы жаңалықтар