Атырауда киік ет комбинатында сойылып, еті базарда сатылады
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда Аламан және Ескі базарда киік еті сатылып жатыр. Мұнда киік терісі сыпырылып, жуылып, кейін ғана базарға шығарылады.

Киік еті Атырауға қыркүйек айынан бастап жеткізілді. Екі тасымалдаушының бірі Батыс Қазақстаннан дайын күйінде әкелсе, енді бірі жұмысты «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның инспекторларымен бірге атқарып жатыр. Кәсіпкер мен инспекторлар бірігіп, тасымалдауды ұйымдастырды.
— Ескі базарда киік еті сенбі-жексенбі күндері сатылады. Инспекция мамандары мониторинг жасауға барып, құжаттарын тексерді. Құжаттары түгел, ветеринар мамандардың қорытындысы, рұқсат қағазы бар. Сонымен бірге Атырауда «Батыс KZ 25» ЖШС-і де «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-мен келісімшартқа отырып, киік етін қабылдап жатыр. Инспекторлар тасымалдауды ұйымдастырады. Ет «Аламан» базарында сатылады, — деді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің басшысы Эльмира Құрманғалиева.

«Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның инспекторлары Батыс Қазақстан территориясында киікті атып, ішек-қарнын алып, кейін Атырауға әкеледі. Атыраудағы ет комбинатында терісін сыпырып, жуып, қылшығын үйітіп, базарға шығарады.
— Бұл бірінші рет емес. 2023 жылы дәл осылай болды. Бәрі «Охотзоопром ӨБ» РМҚК мен ЖШС арасында келісім аясында атқарылып жатқан жұмыс, — деді «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның Атыраудағы өкілі.
Атырау қаласында киік етінің келісі 1800 және 2000 теңге. Екі базардағы баға екі түрлі. «Аламан» базарында киік ұшасының келісі 1800 теңге және бұл баға қараша айына дейін сол күйі қалады.
— Ет комбинаты Атырау қаласынан 5 шақырым қашықтықтағы Береке ауылында орналасқан. Осы жерде киікті сойып, тазалап, тоңазытқышқа саламыз. «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның инспекторлары өлшеп, мүйізін кесіп алып, тіркеу жұмысын жүргізеді. Ет комбинатынан оларға арнайы бөлме берілді. Екі инспектор жұмысын 30 қарашаға дейін жалғастырады. Ветеринар мамандар анықтамасын берген соң «Аламан» базарына жеткізіп жатырмыз. Бағасы — 1800 теңге. Сату жұмыстарының басталғанына екі аптадан асты. Өтімі жақсы. Алғашқы кезде күніне 100 ұшасын өткізген едік. Қазір айдың аяғы, адамдардың ақшасы азайған шақ. Күніне 10-15 ұшасын ғана сатып жатырмыз. Жан-жаққа хабарландыру беріп, жарнама да жасалды. Адамдар бір-бірінен де естіп, келеді, — деді «Батыс KZ 25» ЖШС-нің басшысы Серік Қапар.
Оның айтуынша, бір тасымалдағанда Батыс Қазақстаннан 9 тоннасын әкеледі. Киікті сойып, таза салмағын өлшегенде 6 тонна ет шығады.
— Киіктің лағы 6-8 келі, ешкісі 15-16 келі, теке 25 келі тартады. Салмағы әртүрлі. Бағасын сол күйі сақтап қаламыз. Келісі — 1800 теңге, — деді Серік Қапар.
Айта кетейік, Ақтөбеде киік етіне сұраныс жоғары. Мұнда киік ұшасы Оралдан жеткізіліп жатыр. Қазіргі кезде ет үш базарда сатылымға шықты.