Атырауда мектеп оқушылары эвакуация кезінде топ арасында қысылып қалған

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраудағы BINOM «Жайық» мектебінде оқу-жаттығу эвакуациясы кезінде бірнеше оқушы көпшіліктің арасында қысылып қалып, жарақат алған. Оларға медициналық көмек көрсетілген.

Атырауда мектеп оқушылары эвакуация кезінде топ арасында қысылып қалған
Видеодан алынған скрин

Мектеп әкімшілігінің хабарлауынша, оқиға 17 қарашада жоспарлы эвакуация кезінде болған. Жаттығу барысында мектептен шығатын есік маңына оқушылар шоғырланып, бірнеше бала көпшіліктің арасында қысылып қалған.

— Кейбір балалардың денесінде соғылу белгілері анықталды. Барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп, ата-аналарына жеке хабар берілді. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы тұрақты, — делінген мектеп әкімшілігінің хабарламасында.

Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр. Мектепте оқушылармен және педагогтермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әкімшілік мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін эвакуация жоспары қайта қаралып, оқу-жаттығу жұмысын ұйымдастыру тәртібі күшейтілетінін хабарлады.

Бұған дейін Астанадағы мектептердің бірінде 11-сынып оқушысы суық қару алып келіп, екі сыныптасына шабуыл жасағанын жазған едік. Кейін оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.