Атырауда микроқаржы кеңсесіне қарақшылық жасаған күдікті ұсталды

Атырауда микроқаржы кеңсесіне қарақшылық жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.

полиция
Фото: Kazinform

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қарақшылық шабуыл кеше, 6 қарашада сағат 11:00 шамасында жасалған.

– Атырау қаласындағы М.Баймұханов көшесінде орналасқан микроқаржы кеңсесіне 40 жастағы ер адамның медициналық маскамен кіргені туралы «102» операторына хабарланған. Жедел басқару орталығының қызметкерлері күдік тудырған ер адамды байқап, учаскелік полиция инспекторларына бағыттама берген. Полицейлер оқиға орнына жетіп, кеңседен қарақшылық жолмен 341 мың теңгені тоналғанын анықтады. Оқиға орнынан бой тасалаған ер адам ұсталды, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Қазір 40 жастағы ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 2-бөлігі 4-тармағымен (Қарақшылық) тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 100 млн теңгенің кабелі мен электр бағаналарын ұрлаған топ ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Күдіктілер – Жылыой ауданының тумалары. Үш күдіктінің бірінің «Газель» автокөлігінен 4 шақырымдық жоғары вольтты электр кабелі тәркіленді. Олар ұрлаған кабельді Ақтөбе қаласында орналасқан темір-металл қабылдау орталығына тапсырған. Ұрлықтан Жылыой ауданы аумағында электр бағаналарын орнатып жатқан компанияларға 100 млн теңгеден астам шығын келтірілген. Күдіктілерге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Соңғы жаңалықтар