Атырауда өзге өңірден келген екі бойжеткеннен синтетикалық есірткі тәркіленді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда синтетикалық есірткіні заңсыз сақтап, сатумен айналысқан екі бойжеткен ұсталды. Олар есірткіні шаһар аумағында жасырын орынға жеткізумен айналысқан.  

Шымкентте есірткі шеккен жалған полицей ұсталды
Фото: Мұхтар Холдорбеков/Kazinform

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 22 және 25 жастағы бойжеткендер Атырауға былтырғы қарашада келген. Оның бірі — астаналық, екіншісінің Павлодар облысында тұратыны анықталған.


«Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізіп, қала аумағында синтетикалық есірткіні жасырын тығу әдісі арқылы сату күдігіне ілінген Астана қаласы мен Павлодар облысының тұрғындарын ұстады. Күдіктілер тұратын мекенжайды тексеру кезінде 1 орама және қала аумағына жасырын тығылған 29 орама тәркіленді. Сараптама қорытындысымен 1 дана орамада құны 5 млн теңгені құрайтын 300-ге жуық доза болатын а-PVP синтетикалық есірткі салынғаны анықталды. Күдікті қыздар Атырау қаласына синтетикалық есірткі сататын интернет дүкенге жұмысқа орналасу мақсатын көздеп келгені белгілі болды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір күдіктілерге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

 Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында бір жылда 65 есірткі қылмысы тіркелгенін хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар