Атырауда ұсталған ҰҚК қызметкері ісі бойынша тергеу жалғасып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралында Атырау қаласының іргесіндегі Еркінқала ауылында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 32 жастағы жедел уәкілі ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Белгілі болғандай, оны есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстаған.

Ашық дереккөздерге сәйкес, тінту барысында күдіктінің қалтасынан және автокөлігінен салмағы 1 килограммнан асатын ұнтақ зат табылған.
Аталған жайтқа байланысты Kazinform агенттігі ресми сауал жолдап, мән-жайды нақтылауға тырысты.
— Көрсетілген факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-тармағына сәйкес, өзге ақпарат жариялауға жатпайды, — делінген ҰҚК-нің ресми жауабында.
Еске сала кетейік, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар қабылданды.
Сонымен қатар СҚО-да биыл есірткі саудасымен ұсталғандардың дені 25 жасқа дейінгі жастар екенін жазғанбыз.