Атырауда Жайық үстіндегі көпірдің ойығы түн ішінде жөнделді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда Жайық өзенінің үстінен салынған көпір ойылып қалған еді. Жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен көпірдегі ойық түн ішінде жөнделді.

Атырау қаласында көлік қатынасын реттеу үшін Жайық өзенінің үстінен салынған 6 көпір бар. Кеше мұнайлы шаһардың «Атырау» және «Вокзал маңы» шағын аудандарын жалғайтын көпірдің үстінде ойық пайда болды.
Бұл жөнінде әлеуметтік желіде видео тарап, жұртшылықты алаңдатқан еді. Осыған байланысты Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі көпірдің жөнделгеніін хабарлап, видео ұсынды.
«Кеше Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары оқиға орнына барып, қажетті зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зерделеу нәтижесімен ойықты көлік қозғалысын шектемей, жүргізу туралы шешім қабылданды. Көпірдегі ойық көлік ағыны азайған мезгілде – түні ішінде толық жөнделді. Қазір көпір үстінде көлік қатынасына ешқандай қауіп жоқ. Көліктер көпір үстімен кедергісіз жүріп жатыр», - деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бұл көпір 1985 жылы іске қосылған. Көпірдің ұзындығы – 305 метр, ал, ені өткелімен бірге 14 метрді құрайды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Жайық өзенінің үстіндегі көпір ойылып қалғанын хабарлаған едік.