Атырауда «Жайлы мектеп» жобасымен алғашқы екі білім ордасы ашылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы екі білім ордасы жұмысын бастады.

Атырау облысы әкімі баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жаңа мектептің бірі Алмалы ауылдық округіндегі Береке ауылында ашылды. Бұл білім ордасы 1 200 орынға есептелген. Ал, Сарыөзек шағын ауданында жұмыс бастаған мектеп 300 оқушыны қабылдайды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табысты ұлт болудың маңызды шарты ретінде әр оқушының сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Ұлттық жобамен салынған білім ордасында шәкірттердің барлық пәнді оқып-үйренуіне, ұстаздардың шығармашылықпен айналысуына толық жағдай жасалды. Бұл мектептерде мұғалім мен оқушының, мектеп пен ата-ананың байланысы артып, білімді де талантты, санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленіп шығарына сенксән», - деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Жаңа мектептерде 3 мың оқушы екі ауысымда оқиды. Оларға 120-дан астам ұстаз дәріс береді.
Береке ауылындағы мектепте Ханшайым Көпбергенованың 8 немересі білім алады. Әжей немерелері жаңа мектепте оқитынына қуанып жүр.
«Бүгін ауылымызда көптен күткен жаңа мектеп ашылды. Мектептің құрылысы басталып, аяқталғанға дейін куә болдық. Енді балаларды қабылдап жатыр. Мен де, басқа ата-аналар да дән ризамыз. Себебі бұған дейін немерелерім осы ауылдағы мектепте оқыды. Бірақ, орын саны тапшы еді. Бұл мәселе шешілді. Жаңа мектепте баларымыздың зейіні ашылсын», - дейді Ханшайым Көпбергенова.

Мектептерге жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камералары орнатылған. Ал, ерекше балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар салынған.
«Мектеп аумағында 2 жүгіру жолағы, баскетбол, волейбол алаңдары бар. Теннис корты, ойын және workout алаңдары да жабдықталған. Ал, ғимараттарда 2 спорт залы, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған екі асхана, 260 орындық акт зал және кітапхана бар. Білім ордасында психолог, логопед, медицина кабинеттері, заманауи үлгідегі оқу сыныптары, физика, химия зертханалары және STEM кабинеті қажетті құралдармен жарақталған», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі жылдың соңына дейін тағы үш мектеп ашылатынын айтты.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін тағы үш мектеп пайдалануға беріледі. Алдағы жылдың соңында жайлы мектептердің саны 12-ге жетеді. Жаңа мектептерде 12 мыңнан астам оқушы сабаққа барады», - деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 60 ауылдың оқушылары мектепке тасымалданатынын жазған едік.