Атыраудағы Таңдай – Х.Ерғалиев ауылдарына қатынайтын жолда бөгет алынып жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Таңдай-Х.Ерғалиев ауылдарына қатынайтын жолдың жиегіндегі бөгет алынып жатыр.

Атыраудағы Таңдай – Х.Ерғалиев ауылдарына қатынайтын жолда бөгет алынып жатыр
Фото: Жедел штаб

Махамбет ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабының мәліметіне қарағанда, тасқын суды өткізу үшін осындай шешім қабылданған. Х.Ерғалиев ауылы Исатай ауданының аумағында орналасқан. Ал Таңдай – Махамбет ауданындағы елді мекен.

«Екі ауылдың аралығын жалғайтын жолды су баспау үшін екі жиегіне топырақ төгілген. Алайда жолдың 13-шақырымы тұсына тасқын су мол жиналған. Сол себептен, жолдың келесі жағындағы жайылмаға су жіберу үшін қорғаныс бөгетін ашуға шешім қаылданды. Мұндай шешім бірнеше мақсатты көздейді. Біріншіден, Таңдай ауылын, екіншіден, шаруа қожалықтарын, үшіншіден, жолдан 4 шақырым қашықта орналасқан «Коровник» қыстауын тасқын судан қорғау көзделіп отыр», - деп хабарлады Махамбет ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау-Доссор трассасындағы көпірдің асты кеңейтілуі мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасы 1,5 метрге тереңдетілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар