Атыраудың бұрынғы әкімі құрған компанияға 897 млн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының бұрынғы әкімі Сағат Түгелбаев құрған «ANACО» ЖШС ауаға нормадан тыс газ шығарған. Сот аталған компанияға 897 млн теңге айыппұл салу туралы қаулы шығарды.

Маңғыстауда Түпқараған және Қарақия аудандары әкімдіктерінің лауазымды тұлғаларына айыппұл салынды
Фото: Мұхтар Холдорбеков/Kazinform

Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «ANACО» ЖШС тарапынан атмосфералық ауаға газдарды заңсыз шығару салдарынан ластаушы заттардың шығарындыларын нормативтен асыру дерегі анықталған.

– Жылыой ауданы прокуратурасының заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсынысы қаралды. Департамент тарапынан «ANACО» ЖШС-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-тармағымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Істі қарау нәтижесімен заңды тұлға кінәлі деп танылып, 897 024 322 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға тартылды, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Алайда, «ANACО» ЖШС салынған айыппұл көлемімен келіспеген. Сөйтіп, Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына, содан кейін Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына шағымданған.

– Аталған соттардың 12 ақпандағы және 19 наурыздағы қаулыларымен айыппұл көлемі өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді. Қазір айыппұл өндірілу сатысында тұр, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

«ANACО» ЖШС 1994 жылдан бері Қырылмылтық кен орнынан мұнай өндіреді. Кен орны Жылыой ауданында орналасқан. Ал компанияны Сағат Түгелбаев құрған. Ол 1992-1994 жылдары Атырау облысының әкімі лауазымын атқарған.

Еске сала кетелік, Атырау облысында 4 айда 48,6 млн теңгенің жалақы берешегі өндірілгенін хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар