Атыраудың экологиясы қашан жақсарады
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау тұрғындарын алаңдатын түйткілдің бірі — атмосфералық ауаның ластануы. Өйткені жұтар ауасы жұпар емес өңірдің экологиясы жақсармай тұр.

Жол картасының орындалуына кімдер жауапты?
Атырау облыстық экология департаментінің басгысы Асқар Жүсіповтің айтуынша, өнеркәсіп орындарында ең үздік қолжетімді технологиялар енгізіліп жатыр.
Басты мақсат — атмосфералық ауаға, су ресурстарына және қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару арқылы қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттарды азайту.
— Мұнайлы өңірдің негізгі экологиялық проблемалық мәселелері зерделеніп, бірінші кезекте шешуін қажет ететін жайттар айқындалды. Осыған сәйкес, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс әкімдігі 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасын қабылдады. Атырау облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасы 7 бөлімнен, 45 тармақтан тұрады. Аталған жол картасында өзекті экологиялық мәселелері және оны шешу жолдары қарастырылған. 45 іс-шараның 9 іс-шарасы толық көлемде орындалды. Ал, 7 іс-шара орындалу сатысында тұр. Алайда, орындалмаған 23 іс-шарасы, орындау мерзімі аяқталмаған 6 іс-шара бар, — дейді Асқар Жүсіпов.

Оның дерегіне қарағанда, атмосфераны ластаушы заттар эмиссиясын қысқартуға байланысты 7, көгалдандыруға қатысты 3, қалдықтарды басқару саласында 2 іс-шара орындалмаған.
Бұған қоса, су ресурстарын реттеу бөлімінде 6, автокөлік шығарындыларын азайту жөніндегі 1, жер ресурстарын қорғау тапсырмасына байланысты 3 іс-шара әлі орындалмай отыр.
— Орындалу мерзімі былтыр өтіп кетсе де әлі толық шешімін таппаған бірнеше іс-шара бар. Біріншісі — Атырау қаласының оң жақ бөлігінде КТҚ-ны қалпына келтіру. Бұған Атырау облыстық құрылыс басқармасы жауапты болған еді. Екіншіден, Атырау мұнай өңдеу зауыты «Тухлая балка» булану алаңын қалпына келтіруді аяқтауды ттолық орындамады. Үшіншіден, «Квадрат» булану алаңы толық қалпына келтірілмеді. Оны Атырау қалалық әкімдігі мен «Павлодар өзен порты» АҚ орындауға жауапты болатын. Төртіншіден, Атырау қаласындағы барлық кәріздік сорғы стансаны қалпына келтіру аяқталмай тұр. Бұл іс-шараның жауапты орындаушылары — Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Атырау қаласы әкімдігі, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК. Бесіншіден, мұнайлы шаһар әкімдігі қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қалпына келтіруді толық орындамады. Алтыншыдан, Махамбет, Жылыой және Құрманғазы ауданының әкімдіктері «Sat Trans Serviсе», «Sta Profit Company», «Көлжан Ойл», «Норт Каспиан Ойл Девелопмент» компанияларының мұнай өнімдерімен ластанған жерлерді тазарту бойынша жұмысын ұйымдастыру толық орындаған жоқ. Бұл іс-шараның орындалу мерзімі — 2023 жыл, — дейді Асқар Жүсіпов.

Енді Жол картасының жаңа жобасына жасау жүргізіліп жатыр. Бұған бірнеше жайт себеп болған.
Біріншіден, су ресурстары комитеті Су ресурстары және ирригация министрлігіне, балық шаруашылығы комитеті Ауыл шаруашылығы министрлігіне, геология комитеті Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне берілген.
Екіншіден, Жол картасындағы кейбір іс-шаралардың өзекті болмай қалған. Үшіншіден, биыл Жол картасының мерзімі аяқталатыны ескерілген.
— Облыстың экологиялық мәселелерін шешу үшін қаржыландыру мақсатында Атырау облыстық мәслихатымен «Атырау облысы бойынша 2025-2027 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілді. Аталған іс-шара жоспарында өндіріс орындарының адам ағзасына тигізетін әсерлерін талдау үшін «Атырау облысының қоршаған орта жағдайын және тұрғындарының денсаулығын кешенді бағалау, Экологиялық жағдайды бағалау белгісі шеңберінде зерттеулер жүргізу, халық денсаулығына антропогендік факторлардың әсерін бағалау» іс-шаралары енгізілді, — дейді департамент басшысы.
Қоршаған ортаны қандай компаниялар бүлдіреді?
Атырау облыстық экология департаментінің басшысының мәліметінше, бірінші санатта 83 компания бар. Оның 50 пайызы мұнай-газ өндіру секторында жұмыс істейді.
Ал, мұнай өңдеу және газ-химия секторындағы компаниялардың үлесі — 5 пайыз.
Компаниялардың 15 пайызы полигондар мен қалдықтарды өңдеу және залалсыздандыру саласында тіркелген. Сондай-ақ, 21 пайызы өндірістің басқа секторларына тиесілі.
Ал, екінші санатта 30 кәсіпорынның 64 нысаны тіркеуге алынған. Үшінші санатта 113 нысан бар. Оған 64 компания иелік етеді.

— Былтыр ластаушы шығарындылардың нақты көлемі 117,8 мың тонна болды. Бұл — 2021 жылғыдан 37,7 мың тоннаға (24%) азайды. Ауа бассейнін ластайтын шығарындылардың негізгі үлесін бірінші санаттағы ірі компаниялар (90%) құрап отыр. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-нің үлесі — 142,957 мың тонна. Ал, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясында 61,506 мың, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-да 11,480 мың, «Атырау МӨЗ» ЖШС-да 11,480 мың тонна болып отыр, — деді Асқар Жүсіпов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан бері экологияны ластағандарға 916 млн теңге айыппұл салынғанын хабарлаған едік.