Атыраулық құтқарушылар түтіндеген пәтерден 8 айлық сәбиді алып шықты

АТЫРАУ. KAZINFORM – Түтіндеген пәтерде 8 айлық сәби жалғыз қалған. 

Атырау
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, бүгін, 6 маусымда 6-қабаттағы пәтерден түтін шыққаны туралы хабар түскен. 

«Атырау қаласының Сұлтан Бейбарыс даңғылында орналасқан көпқабатты үйдегі пәтердің терезесінен түтін шығып жатқаны туралы шақырту түсті. Өрт сөндіру бөлімшесі шақырту орнына жедел жетіп, 6-қабаттағы пәтерді түтін басқанын анықтады. Пәтердің есігі құлыптаулы болған. Сол себептен, азаматтық қорғау сержанты Б.Саясатовтың басқаруымен автосатымен жоғарыға көтерілді. Терезеден кірген құтқарушының бірі, азаматтық қорғау аға сержанты А.Құрманиязов түтін басқан бөлмеден 8 айлық сәбиді қалың көрпеге орап, қаупісіз аумаққа алып шықты», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. 

құтқарушылар
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері балақайды тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Құтқарушылардың жедел іс-әрекетінің нәтижесінде өртке ұласуына жол берілген жоқ. Аталған шақыртуға облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен апаттап медицинасы орталығынан 13 қызметкер, 4 техника тартылды. 

«Пәтердегі түтін ас бөлмеден шыққан. Сол кезде пәтерде 8 айлық сәби жалғыз қалғаны анықталды. Осыған байланысты облыс тұрғындары мен қонақтарына пәтердегі өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертеміз», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда өртенген үйден 84 жастағы кейуана мен баласы құтқарылған еді. 

Соңғы жаңалықтар