Атом саласында жаңа мамандықтар ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі ЖОО-да атом саласына қатысты жаңа мамандықтар ашылады. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік өкілі Kazinform тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Данияр Жансейітов
Фото: Видеодан алынған скрин

– Атом электр станциясында жұмыс істейтін мамандар бөлек дайындалады. Оның құрылысына қатысатын және құрылысы аяқталған соң станцияда жұмыс істейтін адамдарды қазірден бастап дайындап жатырмыз. Бас мердігеріміз – Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің бірқатар талаптары бар. Сол бойынша ең алдымен ЖОО-да жаңа мамандықтар ашамыз. Солай алдағы уақытта салынатын АЭС-те қызмет ететін мамандарды дайындаймыз. Соның арқасында құрылыс аяқталған соң онда толығымен қазақстандық мамандар жұмыс істейді деген үмітіміз бар, - дейді Қазақстандық қамту департаментінің директоры Данияр Жансейітов.

Агенттік мамандарды жаңа модель бойынша дайындамақ.

– Қазақстандағы зерттеу институттарына машықтану модельдерін қоюды жоспарлап отырмыз. Сол жұмыстар жүзеге асса, қазақстандық мамандар елімізден шықпай-ақ бастан-аяқ дайындала алады. Бірақ бас мердігердің де талаптарын ұмытпауымыз керек. Алдағы уақытта ортақ мәмілеге келгеннен кейін кадрларды дайындауға қатысты тиімді шешім шығарамыз деген үміттеміз, - дейді агенттік өкілі.

Айта кетейік, бұған дейін атом энергетикасы саласына кадр дайындау мәселесі шетелдік ЖОО-мен бірлесе шешілетіні хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар