Атырау газ-химия кешенінің мұржасында алау тұтанды: Ауадан сынама алынды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Интеграцияланған газ-химия кешенінде мұржаға пропанның түсуінен алау тұтанды. «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС-нің баспасөз қызметі бұл жағдайға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
Фото: Kazakhstan Petrochemical Industries Inc

Қазір интеграцияланған газ-химия кешенінің пропилен өндіретін зауытында іске қосу-реттеу жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жұмыс шеңберінде бу турбинасы бар пропилен компрессорын іске қосу жүзеге асырылады.

«Компрессорды дайындаушы зауыттан іске қосу және технологиялық процестің лицензиары – американлық «Lummus Technology» компаниясының ұсынымына сәйкес компрессорды бірінші іске қосуды, кейін 5 сатыға көшуді жүргізу кезінде пропанның мерзіммен бақыланатын шығарындысы жүргізіледі. Шығарынды 5-6 минутқа созылады. Бұл компрессордың қысу кезеңіндегі қысымды реттеу және төтенше жағдайдың алдын алу үшін жасалады. Биылғы 27-28 тамызда бақыланатын шығарындылар іске қосу талабына сәйкес жүргізілді»,- деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметінен.

Мәліметке сәйкес, полипропилен өндіру зауытының шикізаты – концентрациясы 98,5%а дейін тазартылған Теңіз кен орнының пропаны. Пайдаланылған пропан құрамында күкірт пен күкіртсутегі жоқ. Пропан жанған кезде ауаға тек көмірқышқыл газы (СО2) мен су буы шығады.

«Кешендегі іске қосу процесін технологиялық персонал, Мan неміс компаниясының шеф-инженерлері және лицензиар компанияның өкілдері бақылауда», - делінген таратылған ақпаратта.

Осыған орай облыстық Экология департаментінің баспасөз қызметі атмосфералық ауадан сынама алынатыны туралы ақпарат таратты.

«Жедел әрекет ету мақсатында департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Интеграцияланған газ-химия кешенінің маңынан атмосфералық ауа сынамаларын алуға аттанды. Ауа сынамасын талдау нәтижесінің қорытындысы қосымша хабарланады», - деп мәлім етті департаменттен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда шөп өртеніп, ауада көміртегі тотығы шекті мөлшерден асып кеткенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар