Атырау қаласынан 30 шақырым жерде 6 гектар қамыс жанып жатыр

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, қамыс өрті кеше, 14 қыркүйек күні сағат 20:40-та тұтанған.
«Атырау қаласына таяу орналасқан Кеңөзек ауылдық округіне қарасты Алғабас кентінен 15 шақырым кашықтықта шамамен 4 гектар аумақта қамыс өртенді. Қамыс өртін сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 8 қызметкер, 2 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 3 қызметкер, 1 техника, Кеңөзек округіндегі шаруа қожалығынан 3 қызметкер, 3 трактор жұмылдырылды. Өрт бақылауға алынды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Ал, бүгін 15 қыркүйек күні таңертең департаменттің 2 қызметкері, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 15 адам 4 техникамен қамыс жанған аумақта кезекшілік атқаруға шыққан.
«Бүгін жергілікті уақытпен сағат 13:00-дегі мәліметке сәйкес, Кеңөзек ауылдық округіндегі Алғабас кентінен Каспий теңізіне қарай 30 шақырым қашықтықта шамамен 6 гектар аумақта қамыс бықсып жатыр. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Дәл қазір облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 2 қызметкері 1 ТРЭКОЛ көлігімен, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының 30 қызметкері және 10 техника қамыс өртінің өршімеуін қарауылдауға жұмылдырылды», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда құрғақ шөптің өртенуіне трактордан шыққан ұшқын себеп болғанын хабарлаған едік.