Атырау облысында 1 мыңнан астам жұмысшының 586 млн теңге жалақы қарызы өтелді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 1 мыңнан астам жұмысшының 586 млн теңге жалақы қарызы өтелді. Бұл туралы Атырау облыстық прокуратурасының алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Оған облыс әкімі Серік Шәпкенов, мемлекеттік органдар мен мұнай компанияларының басшылары қатысты.

«Прокуратура қызметкерлері қадағалау жұмыстарының нәтижесімен 20-ға жуық кәсіпорын әкімшілік жауапқа тартылды. Мәселен, «Интер Таско», «Gold Construction», «Вест Дала», «КМГ-Секьюрити» және басқа да мекемелерде жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігінің бұзылуы, еңбекақының уақтылы төленбеуі, еңбекақы мөлшерін арттыру, жұмыспен қамту саласында болған құқық бұзушылықтар жойылды. Біліктілік талаптары мен лауазымдары сәйкес келмейтін 200-ден астам шетел жұмысшысының рұқсаты кері қайтарылды. Заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 18 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан депортациялау арқылы шығарылды. Өңірде 1 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалып, олардың 586 млн теңге жалақы қарызы өндірілді», - деді облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау басты назарға алынып отыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқығын қорғауды ең маңызды мәселе деп белгіледі. Әр адам құқығы мен қызметіне сай жалақы алғаны жөн. Бұл үшін жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауымыз керек. Сондықтан, прокуратураға арнайы келіп, заңдылықтың сақталауын қадағалайтын орган ретінде осы мәселені қозғап отырмын. Біз бірлескен жұмысты жүргізе береміз», - деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында экологияны бүлдіргендер 270 млн теңге айыппұл төлейтінін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар