Атырау облысында 4 мыңнан астам бала ерекше күтімді қажет етеді
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің мәліметінше, 1 тамызға дейін мүмкіндігі шектеулі 13 729 адам техникалық оңалту құралдарын алу үшін өтініш берген.
«Қазір облыста мүмкіндігі шектеулі 24 003 адам тұрады. Оның ішінде бірінші топтағы мүгедектер саны – 2054, екінші топтағы мүгедектер – 9472, үшінші топтағы мүгедектер – 8446. Ерекше күтімді қажет ететін 4031 ерекше бала бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығы және үш арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 1 075 адам түрлі қызмет алып отыр. Биыл әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 8 349 адам құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілді. Оларға міндетті гигиеналық, протез-ортопедиялық құралдар, сондай-ақ, тифлотехникалық, сурдотехникалық құралдар берілді», -деп хабарлады Азамат Мәмбетов.
Оның айтуынша, биыл «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру шеңберінде 259 нысанға бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда тізе жарақатынан жүре алмай қалған 9 жасар қыздың тұсауы кесілгенін хабарлаған едік.