Атырау облысында ауыл кәсіпкері бұқтырылған түйе етін қалбырға салып шығарады

Исатай ауданының Жанбай ауылында тұратын Айнұр Сисекенова жаңа өнім шығаруды қолға алды.
«Сұранысқа ие отандық өнімді шығару үшін үлкен шаһарда тұру шарт емес. Халық тұтынатын сапалы өнімді алыстағы ауылда да шығаруға болады. Мұндай істі қолға алу үшін алдымен ынта қажет. Ізденген адамның ісі алға басады», -дейді ауыл кәсіпкері Айнұр Сисекенова.
Оның айтуынша, бірнеше жылдан бері «Темірлан» жеке кәсіпкерлігі ет және шұжық өнімдерінің оннан астам түрін дайындайды. Енді жақында «Нарын» атауымен түйе етінен жасалған өнімді нарыққа шығара бастады.
«Алғаш кәсібімді «Бастау Бизнес» жобасымен шағын дүкен ашудан бастаған едім. Кейін заманауи технология орнатылған шағын цех аштым. Қазір 10-ға жуық ауылдасымды жұмысқа тарттым. Шағын цехымызда ет және шұжық өнімдерін дайындаймыз. Бәрі – отандық өнім. Сол себептен шығар, тұтынушының сұранысы артып тұр. Мұнда жартылай фабрикат өнімдері де бар. Алдымен тұтынушы талабына ерекше мән беріп, өнім сапасын арттыруды көздейміз. Жақында түйе етін консервіге салып шығара бастадық», -дейді Айнұр Сисекенова.
Қалбырды Алматы қаласынан алдырады. Өнім сапалы болуы үшін қалбырлар міндетті түрде залалсыздандырылады. Арнайы құрылғымен туралған түйе етін тұздап қоямыз. Содан кейін ғана қалбырға салынады.
«Түйе еті салынған қалбырдағы өнімді әзірге Исатай ауданының тұрғындарына ұсынып отырмыз. Бағасы – 1 мың теңге. Алдағы уақытта өзге аудандар мен өңірлерге жіберуді көздедік», -дейді Айнұр Сисекенова.
Еске сала кетелік, ұдан бұрын Атырауда Атырау облысында 35 мың бизнес нысанды қыз-келіншектер басқарып отырғанын жазған болатынбыз.