Атырау облысында автогаз тапшылығын жою мәселесі қолға алынды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Тапшылықты жою үшін Атырау облысына қосымша сұйытылған мұнай газы жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Энергетика министрлігі Атырау және Батыс Қазақстан облыстарын автогазбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін сұйытылған мұнай газының қосымша көлемін бөлу бойынша жұмыстар жүргізуді қолға алды.

«Мәселен, Атырау облысына қараша айына «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС, «Gas Processing Company» ЖШС және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қосымша 2 108 тонна бөлді. Оның ішінде 16 қарашадағы жағдай бойынша 521 тоннасы жеткізілді. Батыс Қазақстан облысына қараша айына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дан қосымша 504 тонна бөлінді. Орал қаласында орналасқан «Жайықмұнай» ЖШС-мен күн сайын айырбастау негізінде кемінде 60 тонна сұйытылған мұнай газын тиеп-жөнелте отырып, қосымша 400 тонна бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) толық жұмыс режиміне шыққаннан кейін өтелетін болады», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ Энергетика министрлігі «Теңізшевройл» ЖШС басшыларымен БҚО және Атырау облысына 1 600 тоннадан қосымша сұйытылған мұнай газын бөлу туралы келісім жасады. Қазір сұйытылған мұнай газын өткізуші субъектілер Энергетика министрлігі бөлген газ көлеміне жоғарыда аталған зауыттармен келісімшарт жасап жатыр.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ақпаратына сәйкес, Атырау мұнай өңдеу зауытында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 7-14 қараша аралығында сұйытылғын мұнай газын сақтау паркіне айдауды тоқтатылған. Зауыт толық жұмыс режиміне 28 қарашада шығатыны жоспарланып отыр. Алайда, 23 қарашадан бастап қондырғыларды кезең-кезеңімен іске қосу бойынша қабылданған шаралар тәулігіне 600 тонна өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өнім сұйытылған мұнай газының жетіспеушілігін болдырмауға бағытталатын болады.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында автогаз тапшылығының туындау себебі айтылған болатын. Кейін Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеуден соң тәулігіне 400 тоннаға дейін газ өндіріле бастайтыны хабарланды.

Фото: alaniaportal.ru





Соңғы жаңалықтар