Атырау облысында Каспий жағалауындағы 3 гектарда қамыс бықсып жатыр

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, бүгін, 14 сәуірде жергілікті уақытпен сағат 8:45-те қамыстың бықсып жатқаны анықталған.
«Атырау қаласында түтіннің иісі сезілді. Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы Атырау қаласына жақын орналасқан Дамбы ауылынан 30 шақырым қашықтықтағы Каспий теңізінің жағалауына барлау жүргізді. Жедел топ теңіз жағалауына жеткен кезде қамыстың өртенбегенін анықтады. Алайда, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында шамамен 3 гектар аумақта қамыстың тамыры бықсып жатыр», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Теңіз жағалауындағы қамыс өртін сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 18 қызметкер мен 3 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 15 адам, 3 техника, 2 мотопомпа жұмылдырылды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Каспий жағалауында жанған қамыс түтіні Атырауды басып қалғанын хабарлаған едік.
Түтінге байланысты атыраулық тұрғын көшеге бет тұмшалайтын маска киіп шықты.
Сондай-ақ, Атырау облысының әкімдігі «Ақжайық» резерватын өз балансына беруді сұрап отырғанын жазған болатынбыз.
Каспий жағалауында жанған қамыс өрті 5 күннен соң сөндірілді. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, қамыс өрті 6 сәуірде сағат 21:30-да толық сөндірілген. «Қазақстан ғарыш сапары» космомониторингінің қорытындысына сәйкес, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өрттің жалпы ауданы 1 200 гектар болды.
«Каспий жағалауындағы батпақты, сулы жерде 2 сәуірде қамыс өрті тұтанды. Бұл – Атырау қаласынан 30 шақырым қашықтағы аумақ. Жалыннан флора мен фауна зардап шеккен жоқ. Өйткені, құстардың ұя салу кезеңі әлі басталмаған», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.