Атырау облысында құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын цех іске қосылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік күні қарсаңында Атырау облысында құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын цех іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбековтің мәліметінше, Индер ауданындағы «ИСИ Гипс Индер» ЖШС-нің құрғақ құрылыс қоспалар цехы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған.

«Жаңа цехта тәулігіне 20-30 тонна өнім шығарылады. Отандық өнім құрылыс индустриясында кеңінен қолданылады. Өңірдегі шағын ауылдарды осындай нысандар жұмыс істейтін өндірістік орталыққа айналдыру көзделіп отыр. «Қара алтын» өндірумен танымал болған Атырау облысы енді жерасты қазба байлығын кәдеге жаратумен тағы бір мәрте таныла түспек», - деді Серік Айдарбеков.

«ИСИ Гипс Индер» ЖШС-нің директоры Жолдас Үмбетияровтың айтуынша, жобаның жалпы құны 160 млн теңгені құрайды.

«Құрғақ құрылыс қоспалары мен ұсақ өнімдер шығаратын зауыттың жылдық қуаты – 10 000 тонна. Тәулігіне 20-30 тонна өнім шығаратын цехтың өнімі 25 келілік қапқа салынған. Оны сылақ жағуға пайдалануға болады. Қазірдің өзінде біздің өнімге сұраныс жоғары болып отыр. Сұраныс артқан сайын өнім көлемін ұлғайтамыз», -дейді Жолдас Үмбетияров.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда Тәуелсіздік күні қарсаңында 200 орындық жатақхана ашылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар