Атырау облысында Мәжіліс депутаттығына 13 кандидат таласады

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, 19 наурызда өтетін Мәжіліс және мәслихаттар сайлауына 496 кандидат ұсынылған. Оның ішінде 462 кандидат (93,14%) тіркелген.
«Парламент Мәжілісінің депутатын сайлау бойынша №13 бірмандатты аумақтық сайлау округіне 20 кандидат ұсынылған еді. Оның ішінде 16 кандидат (немесе 80%) өзін-өзі ұсынды. Ал 4 кандидат (немесе 20%) – саяси партиялардың өкілі. Кандидаттарды тіркеуге дейін 1 кандидаттың заң талаптарына сәйкес келмегені анықталды. Оның өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар. Сондай-ақ сайлау комиссиясына көзделген барлық құжатты ұсынбауына байланысты 6 кандидатты тіркеуден бас тартылды», - деп хабарлады облыстық аумақтық сайлау комиссиясынан.
Осылайша, Атырау облысынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына ұсынылған кандидаттардың 13-і немесе 65% тіркелді. Қазір төменгі палата депутаттығы үшін бір мандатқа 13 адамнан келеді.
Тіркелген кандидаттардың 10-ы (77%) өзін-өзі ұсынған. Сондай-ақ (23%) үш партия ұсынған 3 кандидат тіркеліп отыр. Кандидаттардың арасында жетеуі (53,84%) ер адам, алтауы (46,16%) әйел.
Еске сала кетелік, Атырауда Парламент Мәжілісінің депутаттығына 20 кандидат ұсынылғанын хабарлаған болатынбыз.