Атырау облысында нысандардың жылыту маусымына дайындығы - 72 пайыз
Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапиннің мәліметінше, қысқы маусымға дайындықты 1 қазанға дейін аяқтау көзделген.
«Жылу беру маусымына 421 білім беру, 147 денсаулық сақтау нысаны мен 1 789 көпқабатты тұрғын үй дайындалып жатыр. Қазір нысандарды жылу беру маусымына дайындау көрсеткіші 72 пайызды құрайды. Мәселен, Атырау қаласындағы «Береке» және «Нұрсая» ықшам ауданында магистралды жылу құбыры жөнделді. Бұған қоса 36 шақырым жылу желісі жөнделіп жатыр. «Атырау Жылу-Электр Орталығы» АҚ 3 жылу агрегаты мен 2 турбоагрегатын қалыпқа келтіру жұмысын қолға алды», -деп хабарлады Серікқали Қанапин.
Оның дерегіне сүйенсек, Атырау қаласыннда 177 дербес жылыту қазандығы бар.
«Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС 12 жылу беру бекетіне резерв үшін 6 жылу қазандығын, 12 генератор, 4 жылуалмастырғыш, 27 насос құрылғысын сатып алған.
«Электр қуатымен үздіксіз қамтуды жүргізу үшін «АтырауЖарық» АҚ 819 шақырым электр желісіне жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта Атырау қаласы мен аудандарда тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру жұмысы басталады», -деп мәлім етті Серікқали Қанапин.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы жылу желілерінің 68 пайызы тозғанын жазған болатынбыз.