Атырау облысында жер қорының жартысынан астамы ауыл шаруашылығын дамытуға қолайсыз

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Айтқалиевтың мәліметінше, мұнайлы өңірдегі жер қоры – 11863,1 мың гектар.
«Атырау өңірінің климаты ауыл шаруашылығын дамытуға қолайсыз екені жасырын емес. Қазір аталған салаға қолайсыз жердің үлесі – 58,7 пайыз. Соған қарамастан, былтыр егістік алқаптан жиналған көкөністің көлемі 99 718 тонна болды. Бұған қоса, 43 310 тонна бақша, 28 314 тонна картоп өнімі жиналды. Енді биыл жоспарға сәйкес 2945,2 гектардан көкөніс, 1 345 гектардан бақша, 1 941 гектардан картоп, 4 106 гектардан мал азықтық дақылдар алу жоспарланып отыр», - деп хабарлады Азамат Айтқалиев.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласын одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шара қабылданған. Соның нәтижесінде биыл жылыжайлар көлемі 30 гектарға, су үнемдейтін технологиялар орнатылған алқап 4,8 мың гектарға ұлғайған.
Еске сала кетелік, бұған дейін биыл Атырау облысында 10 мың гектарға көкөніс, бақша дақылдары егілетінін хабарлаған едік. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұловтың мәліметінше, егістік алқабының жалпы көлемі – 10 315 гектар. Оның ішінде 2 939 гектарға көкөніс, 2 003 гектарға картоп, 1 338 гектарға бақша, 4 035 гектарға мал азықтық дақылдары егілетіні жоспарланған.