Атырау облысында жыл басынан бері 26 адам суға кеткен

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері 26 адам суға кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Атырау қаласында, Жылыой мен Құрманғазы ауданында тәулік бойы кезекшілік атқаратын 3 суда құтқару стансасы бар. Мұнда 11 кәсіби құтқарушы жұмыс істейді.

«Жыл басынан бері өңірдегі су айдындарында суға батқан 26 адам қайтыс болды. Оның ішінде Атырау қаласында – 12, Жылыой ауданында – 5, Махамбетте – 4, Құрманғазыда – 3, Индер ауданында 2 адам жантәсілім етті. Суға кеткендердің арасында 8 бала бар. Жедел құтқару жасағының көмегімен 1 ересек адам мен кәмелетке толмаған 2 жасөспірім құтқарылды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлерімен бірге су айдындарының жағалауында рейд өткізіліп, құқық бұзушыларға 259 әкімшілік хаттама толтырылған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 3 жасар қыз бен 6 жасар бала суға батып кеткенін хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар