Атырау облысында жылу беру 15 қазанда басталады

Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Мукишевтің мәліметіне сүйенсек, осы кезге дейін өңірде 13,2 шақырым жылу, 0,8 шақырым су және 647,9 шақырым электр желілеріне толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілген.
«Жылу беру маусымына дайындық жүргізу үшін жергілікті бюджет есебінен 1,2 млрд теңге қаражат бөлінді. Ал комуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен 2 млрд теңге жұмсау жоспарланды. «АтырауЖылуЭлектрОрталығы» акционерлік қоғамы тарапынан №2, №11 жылу агрегаттарына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Қазір №9 жылу агрегаты жөнделіп жатыр. Алдағы уақытта №5 жылу агрегаты да жөнделеді», - дейді Данияр Мукишев.
Оның айтуынша, 19 қыркүйекте көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу желілерін сынақтан өткізу басталады. Барлық тұрғын үй 15 қазанға дейін жылу беру маусымына толықтай дайын болады. Өңірде 15 қазанда жылу беру басталады.
Қазір екі білім ордасы мен 7 денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Ал қалған нысан жылыту маусымына толықтай дайын.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Мажар инвесторы Атырауда күннен энергия алу жобасын ұсынғанын жазған болатынбыз.